Университеттердің 2022 жылғы рейтингі жарияланды

25 Қаңтар 2023, 12:29
6954
Бөлісу:
Университеттердің 2022 жылғы рейтингі жарияланды

Ғылым және жоғары білім министрлігі ЖОО-лардың 2022 жылғы рейтингісінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зерттеуді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізді.

Жоғары оқу орындарының 2022 жылға арналған білім беру бағдарламаларының рейтингі туралы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтып берді.

Бұл рейтингтің негізгі мақсаты – ЖОО-лар мен жұмыс берушілердің арасындағы қарым-қатынасты нығайту, нарық сұранысына сәйкес кадрларды даярлау.

Білім беру бағдарламалары 19 критерий бойынша бағаланды. Рейтинг әдістемесін ЖОО, қоғамдық қызмет сарапшыларының ашық талқылауы нәтижесінде қабылданды. Рейтинг әдіснамасы үнемі жетілдіріліп отырады. Министрлік пен «Атамекен» әдіснамаға енгізілген барлық өзгеріске ЖОО басшылықтарын тарта отырып, ашық талқылаулар өткізді, - деді ол.

Рейтинг үш негізгі блокқа біріктірілген. Олар – түлектердің мансаптық перспективалары, білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері.

Комитет төрағасы брифингте 2022 жылдың қорытындысына тоқтала кетті. Жоғары білім министрлігі өкілі ЖОО-лардың білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігі туралы сөз қозғады.

Жұмыс берушілердің қанағаттануы 67%. Оның өсуі байқалады. Үш жылдағы өсім – 15%. Бұл жақсы нәтиже. Білім беру бағдарламаларының 82%-ы жұмыс берушілермен келісілген және практикалық тәжірибесі бар мамандар оқу процесіне тартылды. Ол үшін министрлік қажетті жағдайлар жасап, тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді, - деп түсіндірді Гүлзат Көбенова.

Айтуынша, жекелеген білім беру бағдарламаларына тартылған практик мамандардың үлесі 71%-ға жетіп отыр.

Білім беру бағдарламаларының 91%-ы таңдалған аккредиттеу агенттіктерінен аккредитациядан өтіп отыр. Бұл да олардың сапасының жақсарғанын растайды, - деп айтты министрлік өкілі баспасөз-конференциясында.

Өзгелердің жаңалығы