Университет ұжымдары гуманитарлық көмек жинап жатыр

10 Сәуір 2024, 18:06
307
Бөлісу:
Университет ұжымдары гуманитарлық көмек жинап жатыр
Фото: автордан

Павлодар облысындағы Торайғыров университетінің ұжымы судан зардап шеккен ауылдарға гуманитарлық көмек жинап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Игі іске жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер мен қызметкерлер атсалысып жатыр. Қазіргі уақытта гигиена құралдары, азық-түлік, жылы бұйымдар мен өзге қажетті заттар жиналды. Зардап шеккен халыққа қажетті бұл заттар Ақмола облысының елді мекендеріне жеткізіледі.

Елімізде болып жатқан су тасқынына қатысты күрделі жағдайда бейжай қарай алмадық. Біз күш біріктіріп, шұғыл түрде гуманитарлық көмек жинадық. Бұл бастаманы университетіміз ұжымы бірден қолдады. Жүк бірнеше күн ішінде зардап шеккендерге жеткізіледі деп ойлаймын. Күш – бірлікте, - дейді Foundation факультетінің деканы Сәуле Ксембаева.

Университет ұжымдары гуманитарлық көмек жинап жатыр

Айта кетейік, облыс орталығында гуманитарлық көмек жинаудың бірнеше орны ашылған. Осы уақытқа дейін волонтёрлер су басқан ауылдарға бір тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізді. Қажетті заттармен бірінше кезекте төтенше жағдай жарияланған Жалаулы ауылының тұрғындары қамтылды.

Жергілікті жастар бастамаларын қолдау орталығының директоры Ризат Рақымжановтың айтуынша, гуманитарлық көмек жинау бір апта бұрын басталды.

Осы уақыт аралығында Қазақстан халқы Ассембелясының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының мүшелері көмекке келді. Ортақ үлесіміздің арқасында зардап шеккен 15 отбасыға қолғабыс жасадық. Әр жанұяны азық-түлікпен қамтыдық. Қажетті өнімдердің қатарында қант, картоп, макарон, ұн сияқты азық болды. Олар бірінші кезекте қалыпты өмірге оралу керек, - дейді Ризат Рақымжанов.

Республикалық деңгейдегі акцияға облыс бойынша 300-ден астам волонтёр атсалысты.

Өзгелердің жаңалығы