Университет мұғалімдерінің айлығы қанша?

18 Ақпан 2021, 18:45
13052
Бөлісу:
Университет мұғалімдерінің айлығы қанша?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев министрліктің аппарат отырысында университет оқытушыларының жалақы мөлшеріне жасалған талдаудың нәтижесін баяндап берді.

Жоғарғы оқу орындары академиялық еркіндік шеңберінде оқытушылардың оқу жүктемесін және жалақы мөлшерін өз бетімен анықтайды. 

28 ЖОО-ның профессор-оқытушылық құрамының педагогикалық жүктемесін және жалақысы мөлшеріне талдау жасадық. Соңғы жылдары жалақы мөлшерінің артуына қарамастан оқытушылардың жалақысы әлі де болса ЖОО-да жеткіліксіз деңгейде. Бірнеше ЖОО-да оқу жүктемесінің біршама жоғары екендігі анықталды. Оқытушылардың оқытатын пәндері мен ғылыми қызметі саласы арасында сәйкессіздіктер байқалды. Осы бойынша оқытушылар өз пікірлерін де білдірген болатын, - деді ол.

Оның айтуынша, біршама ЖОО-да оқытушылардың университеттің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді қатысуына, сондай-ақ, ғылыми жұмыспен айналысуына толық жағдай жасалмаған.

Маңызды мәселелердің бірі – оқытушылар лауазымдарының заманауи позицияларының болмауы. Көп жағдайда ауыртпашылық жас оқытушыларға түсетіні байқалып отыр. Олардың оқу жүктемесі жылына 700 академиялық сағаттан асады. Кейбір университетте орташа жылдық жүктеме тіпті 800 сағаттан да асады. Бұл жағдай жоғары білікті кадрлардың университеттерден кетуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, ЖОО-лардың педагогикалық жүктемесі тек оқу жүктемесі бойынша ғана есептеледі, - деп түсіндірді Әділет Тойбаев.

Қазіргі уақытта ЖОО-ларда орташа педагогикалық жүктеме 33 кредитті құрайды.

Әр университетте педагогикалық жүктемені есептеу әдісі әр түрлі. 6 ЖОО-да кафедра меңгерушілері мен декандар оқу жүктемесінен босатылған. 

Қазіргі күні орташа айлық жалақы Ұлттық ЖОО-лардың профессорларында 272 188 теңге (29%), мемлекеттік университет профессорлары – 248 750 теңге (19%), Ұлттық ЖОО-лардың ғылыми атағы бар оқытушысы (профессор, доцент) – 236 856 теңге (31%), мемлекеттік университеттікі – 193 718 теңге (11%), сонымен қатар Ұлттық ЖОО оқытушылары 157 246 теңге (32%), мемлекеттік университет оқытушылары 116 007 теңгені (18%) құрайды, - деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы