Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы Үндістанға жеткізілді. Елде барлық ересек тұрғынды қамтитын жаппай вакциналау басталады.
Үндістан коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны өндіретін ең ірі шетелдік хабқа айналуға дайындық жұмыстарын бастады.
Ресей президенті В.Путин мен Үндістан Республикасының премьер-министрі Нарендра Модидің келіссөзі аясында Үндістанға шұғыл гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданды.
Бүгін Үндістанның Хайдарабад қаласына жеткізілген ресейлік вакцинаның алғашқы партиясы пандемиямен күресте ел тұрғындарына айтарлықтай көмек көрсетеді, - деп хабарлады елдің СІМ.Вакциналау науқанын күшейту үшін «Спутник V» екпесінің кезекті партиясы бұдан кейін де жеткізіледі деп күтілуде. Ал жақын арада Үндістанда өндіріле бастайтын ресейлік препарат өзге елдерді де вакцинамен қамтитын болады.
Еске салсақ, Үндістанда соңғы кезде коронавирусқа қатысты эпидахуал ушығып кетті. Елде жұқпалы індет салдарынан өлім-жітім саны көбейді.