13 маусымда Ахмедабад қаласында болған әуе апатынан кейін дәрігерлер тағы да бірнеше адамның денесін тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Лондонға бағыт алған Air India әуе компаниясының ұшағы әуеге көтерілген соң бір минуттан кейін биіктіктен айырылып, дәрігерлер жатақханасы орналасқан тұрғын үйге соғылған еді.
Ұшақта 242 жолаушы мен экипаж мүшесі болған. Олардың барлығы қаза тауып, тек 40 жастағы Ұлыбритания азаматы аман қалды. Құрбандардың кейбірі жергілікті тұрғындар болуы мүмкін. Қазіргі таңда олардың нақты санын анықтау және ДНҚ үлгілері арқылы тұлғаларын растау жұмыстары жүріп жатыр.
Үндістан мен Ұлыбританияда апат құрбандарына арналған шырақ жағу рәсімдері өтті. Лондонда 100-ге жуық адам үнді комиссиясы ғимаратына жиналып, қаза тапқандарды еске алды.
Апаттың себебін Үндістанның авиациялық оқиғаларды зерттеу бюросы (AAIB) АҚШ және Ұлыбритания сарапшыларымен бірге тексеріп жатыр.
Flightradar24 мәліметінше, апатқа ұшыраған Boeing 787-8 Dreamliner ұшағына 11 жыл болған. Соңғы екі жылда ол Ахмедабад пен Лондонның Гатвик әуежайы арасында 25 рейс жасаған.
Апаттан кейін Үндістанның азаматтық авиация басқармасы (DGCA) Air India компаниясының барлық 787 үлгідегі ұшақтарына қосымша техникалық тексеріс жүргізуді тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін борттағы 242 адам түгел қаза тапқаны хабарланған болатын. Air India әуе компаниясының ұшағы Үндістанның батысындағы Ахмадабад қаласынан ұшып шыққан. Кейіннен ұшақ апатынан бір адамның тірі қалғаны мәлім болған.