Үндістанда халықты жаппай вакциналау басталды

23 Қаңтар 2021, 07:40
1668
Бөлісу:
Үндістанда халықты жаппай вакциналау басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үндістанда халықты жаппай вакциналау басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Билік екпе арқылы қаңтардың соңына дейін штаттардағы індеттің таралуын азайтуды көздейді. Үндістан – әлемде эпидемиологиялық ахуалы нашар елдердің бірі. Күніне орта есеппен 13 мыңнан аса адам вирус жұқтырады. Індетке шалдыққандардың жалпы саны 10 миллионнан асқан. Үкімет вакцина қауіпті кеселге соққы беріп, жағдайдың өзгеретініне сенімді. 

Коронавирусқа қарсы екпені алғаш болып алған премьер-министр Нарендра Модидің мәлімдеуінше, вакцина алдағы апталарда Нью-Делиді эпидемиологиялық тығырықтан алып шығуы тиіс. Үкімет басшысы «екпе аймақтағы жағдайды өзгерте алмаса Үндістан індеттің шырмауында ұзақ уақыт қалады» дейді. Премьер-министрден кейін екпені Үнді медицина зерттеулер институтының мамандары алды. Ғылыми орталықта коронавирусқа қарсы ауқымды шара келесі аптада басталады. Билік дайындаған ресурс күн сайын 400 мың адамға вакцина салуға жеткілікті, - дейді мамандар. 
Үндістан әлемде халықты жаппай вакциналау бойынша ең ауқымды шараны қолға алды. Бір жағынан бұл үлкен мақтаныш, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Дәрігерлер 5 ауысыммен 3 сағаттан жұмыс істейтін болады. Еріктілердің басым бөлігі біздің институт пен жақын жердегі емхана қызметкерлері, – дейді Үндістан Медицина зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Луджари Сахал.

Қазір Үндістанда екі вакцинаны қолдануға рұқсат етілген. Оның бірі оксфордтық екпе болса, екіншісі жергілікті вакцина. Билік тағы 4 екпені қолдануды көздеп отыр. Ел аумағында 3 мыңға жуық екпе орталығы ашылған. Нью-Делиде олардың саны 80-нен асады. Алдағы аптада тағы 5 мың, ақпан айында 12 мыңы ашылады. 

Үкімет тамызға дейін 300 миллион адамға екпе салуды жоспарлап отыр. Шараны медицина орталықтары, мектеп, қоғамдық орындар және қалалық мекемелерде жүргізу қарастырылған. Билік ауқымды бағдарлама көктемнің басында-ақ жемісін беріп, дертті жұқтырушылар кем дегенде 2 есе азаяды дейді. Қаңтардың соңына дейін 30 миллион дәрігер мен полиция және жедел жәрдем қызметкері вакцина алады. Содан кейін екпе жасы елуден асқандарға қолданылады, – дейді саясаттанушы Анас Сингх.


Өзгелердің жаңалығы