Үндістанда ем қабылдап жүрген 16 жастағы қазақстандық жасөспірім қайтыс болды. Қайғылы оқиға елдің астанасы – Дели қаласында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірім онкологиялық дертке байланысты ем алып жүрген. Дегенмен дәрігерлер оның өліміне жүректегі тромбтың үзілуі себеп болғанын айтқан.
Сұңқар есімді жасөспірім Үндістанға анасымен бірге арнайы ем алу үшін барған. Анасы Райхан бұған дейін баласының өмірін сақтап қалу үшін бар мүмкіндігін жұмсап, қажетті қаражатты жинауға тырысқан.
Балам аман қалсын деп барымды саттым. Қалған қаражатты халықтан көмек сұрап жинадым, – деген еді ол.
Алайда күтпеген қайғылы жағдай орын алған. Анасының айтуынша, Сұңқар таксимен келе жатқан сәтте кенеттен жүрегі тоқтап қалған.
Қазіргі уақытта анасы Үндістанда жалғыз қалған. Оның қолында бар болғаны 35 мың теңге ғана қалған. Бұл қаржы марқұмның денесін Қазақстанға жеткізуге жеткіліксіз.
Осыған байланысты отбасы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты шетелдегі консулдық қызметтен көмек сұрап отыр. Олар құжаттарды жедел рәсімдеуге және марқұмның денесін елге қайтаруға жәрдем беруді өтінеді.
Марқұм Сұңқар Қызылорда облысы, Тереңөзек кентінің тұрғыны болған. Ол колледж студенті еді. Отбасында екі ұл тәрбиеленген, Сұңқар – кенжесі.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Үндістанда қайтыс болған Қазақстан азаматы С.Сабиттің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Қазақстанның Делидегі Елшілігі марқұмның туыстарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетті.
Марқұмның мәйіті Қазақстанға бүгін таңертең жеткізілді.