Үндістан мен Непалда су тасқыны мен лай көшкіні болып, 19 адам қаза тапты

Қатты жауын-шашын мен дауыл салдарынан екі елде су тасқыны мен лай көшкіні болып, тағы 10 адам із-түзсіз жоғалып кетті.

 Reuters 27 Қыркүйек 2026, 17:21
27 Қыркүйек 2026, 17:21
134
Фото: Reuters

Үндістан мен Непалдағы қолайсыз ауа райынан 19 адам қаза тауып, тағы 10 адам із-түзсіз жоғалды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Үндістанның Уттар-Прадеш штатында соңғы 48 сағатта 15 адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алған. Қатты жауын-шашын мен найзағай 63 округке әсер етіп, 117 үй бүлінген.

Непалдың Баглунг ауданындағы Ниши-Кхола ауылында үйге лай көшкіні түсіп, төрт адам – үш бала мен бір әйел қаза тапты.

Сонымен қатар солтүстіктегі Мананг ауданында биіктігі 7126 метр Химлунг тауының етегіндегі альпинистерге арналған шатырларды орнатқан 10 непалдық жұмысшы қар көшкіні лагерді басып қалғаннан кейін із-түзсіз жоғалып кетті.

Непалдың кейбір аудандарында су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан телекоммуникация жұмысы бұзылды. Сондай-ақ жалпы қуаты 40 МВт болатын су электр станцияларының жұмысы зардап шекті.

Непал билігі елдегі 77 ауданның 49-ында кенеттен су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті. Негізгі өзендер мен олардың салаларындағы су деңгейі әлі де көтеріліп жатыр.

Наверх