«Үмітсіз шайтан» деген, өзгерістен үміттіміз – Өркен Кенжебек

22 Қазан 2020, 18:01
3482
Бөлісу:
«Үмітсіз шайтан» деген, өзгерістен үміттіміз – Өркен Кенжебек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі блогер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші рет өткен отырысына қатысты пікір білдірді.

Өзім үшін бірінші, ал жалпы төртінші мәрте өткен Ұлттық кеңестің отырысынан шықтым. Ұсынысым Садырбайдың аузымен Тоқаевтың құлағына шалынды дегендей, ол жағын кейін жазамын. Айтайын дегенім, Президент ауыл әкімдерін сайлау ісіне шұқшиды келіп. Өзіміз де дайындалдық, оларды да дайындадық деп. Сайлау демекші, қаңтар басында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау болатынын ең кеш жазып отырған мен шығармын, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Блогер бұл сайлаудың өзге сайлаудан өзгерек болатынын атап өтті.

Әйтеуір, бұрынғыдан өзгешелігі – парламенттік оппозиция болады, оның ішінде Мәжілістегі тұрақты комитеттердің бір төрағасы мен екі хатшысы оппозиция депутаттарынан сайланады. Демек, тартыстың градусы көтеріледі, қабылданар заңның сапасы артады. Ол жарайды, тұлғалық бәсеке күшейеді-ау. Саяси жүйеге қан жүреді. Пікірі алуан, өзгеріс қалаған, белсенділігі оянған қоғам «кәне» деп сілкініп тұрғанда, Парламенті оған сай болу керек екені сөзсіз, - деді ол.

Оның пікірінше, бұл сайлауға дайындық қоғамның қиын-қыстау кезеңімен сәйкес келіп тұрғандықтан да, халықтың күтері тым көп.

Тұңғыш рет әйелдер мен жастардың партиялық тізімде 30%-дан кем болмайтыны бар, әлгі оппозиция бар, қалыптасқан жағдай, міне, бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше қарқында өтеді. Ол анық. Ендеше, «Үмітсіз шайтан» деген, өзгерістен үміттіміз, - деді блогер.

Өзгелердің жаңалығы