«Ұмай» әйелдер ипотекасы қашан іске қосылатыны айтылды

«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әйелдерге арналған ипотеканың тамыз айының соңына дейін іске қосылатынын айтты

11 Тамыз 2026, 12:06
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 11 Тамыз 2026, 12:06
11 Тамыз 2026, 12:06
120
Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасын екі аптадан кейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифинг барысында журналистер бағдарламаны іске қосуға дайындықтың қай кезеңде екенін және қазақстандық әйелдер өтінімдерін қашан бере алатынын сұрады.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазіргі уақытта бағдарлама бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның нақты іске қосылатын күні туралы сұраққа банк басшысы жауап берді.

Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы қазір әзірленіп жатыр. Оны тамыз айының соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл мемлекеттік бағдарлама емес, «Отбасы банктің» бағдарламасы, – деді Ләззат Ибрагимова.

Журналистер бағдарламаның іске қосылу мерзімін нақтылай түскенде, «Отбасы банк» басшысы ипотеканың екі аптадан кейін іске қосылатынын айтты.

Екі аптадан кейін ипотека іске қосылады, – деді ол.

Банк басшысының сөзінше, пайыздық мөлшерлеме 14%-дан басталады.

Біз қазір Азия даму банкімен құжатқа қол қойдық. Пайыздық мөлшерлеме 14%-дан басталады. Біз алғашында 14%-дан 16%-ға дейін болады деп ойлағанбыз. Қазір есептеп жатырмыз. Клиент 8 жыл депозит шотына ақшасын салады. 8 жылдан кейін несиенің пайыздық мөлшерлемесі 3,5% болады, - деп жауап берді Ибрагимова Үкіметте өткен брифингте.

Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банк ипотеканы рәсімдеу 10-15 минутқа дейін қысқарғанын айтты

Наверх