Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіруді ұйымдастырған адамдар тобының әрекеті тоқтатылды. Күдіктілер өндірілген кенді өңдеп, құжаттар арқылы ел аумағынан тыс жерге шығарған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Қаражал қаласындағы «Восточный» карьері аумағында марганец кенін заңсыз өндіруді ұйымдастырған адамдар тобының әрекетін тоқтатты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер заңсыз кен өндіру үшін ауыр карьерлік техниканы пайдаланған. Атап айтқанда, экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдар іске тартылған.
Карьер аумағында арнайы өндірістік база жабдықталып, өндірілген шикізат сол жерде ұсақтау-жуу кешені арқылы өңделген. Кейін дайындалған кен жүк автокөліктерімен тиісті құжаттарды пайдалана отырып, Қазақстан аумағынан тыс жерге шығарылған. Тергеу дерегіне сәйкес, сатылған марганец кенінің жалпы көлемі 4 мың текше метрден асып, оның құны 950 млн теңгеден жоғары болған, - деп хабарлады ҚМА.
ҚМА мәліметінше, қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.