Ұлытау ұлықталып, Абай ардақталып, Қонаев құрметтелді – жазушы

28 Наурыз 2022, 11:37
2012
Бөлісу:
Ұлытау ұлықталып, Абай ардақталып, Қонаев құрметтелді – жазушы

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауындағы жаңалықтар жұртымызды серпілтті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев Жолдауға қатысты пікірімен бөлісті.

Президент еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Ол шаралардың бәрінің де қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетінін, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуына қызмет ететінін айтты. 

Өзінің еліміздегі ең үлкен саяси партия төрағасы болудан бас тартуы, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарынан лауазым иеленуге заң жүзінде тиым салу керектігіне тоқталды. Бұл басқа партиялардың да беделі артып, пікірлері тыңдалып, қоғамдағы белсенділіктерінің жетіле түсуіне жол ашпақ. «Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл дұрыс емес» деп, Мемлекет басшысы барлық биліктің бір кісінің қолында болуын жөн санамады. Шынын айтқанда, сонау Брежнев замынынан басталған, бар билікті бір өзі ұстауға тырысқан үрдісті тұсаулады. Айтып қана қойған жоқ, іс жүзінде кейбір тізгінді өзгеге ұстатты, – дейді Серік Жетпісқалиев.

Ол атап өткендей, жең ұшынан жалғасып, тамыр-таныстықпен мемлекет қазынасын талан-таражға салушылар мен жемқорлардың жолын кесудің тетіктерін табуын да көпшілік қолдады. Бұл жолғы Жолдауда халықты ерекше қуантқан тағы бір хабар – Ұлытау, Алматы, Абай облыстарының ашылуы, Қапшағай қаласына Қонаев есімін беруді мемлекет басшысының қолдауы болды.

Қасиетті, қадірлі, алты алаштың баласын бірлікке үндеп, ымыраға шақырған, аталы сөздің ордасы болған ұлағатты Ұлытаудың аты аталуы, айшықталып, айналымға қосылуының қазақ үшін маңызы зор еді. Енді, қазақ даласының кіндігіндей Ұлытау өңіріне береке ұйып, талай табысты істер басталмақ, талай берекелі шараға киелі өңір ұйтқы болмақ. Өйткені халықтың санасында жаңғырған киелі ұғым, шынайы ниет, алғаусыз тілектің қуаты күшті. Ал Абай сынаған еріншектік, өтірік-өсек қумақтық, тойымсыздық, алым алу, жемқорлық сияқты сұмдықтардан арылдық па? Демек, Абай есімі жиірек аталсын, Абайға қайта-қайта оралып отырайық, оның іліміне жиі-жиі оралайық, мұрасын көбірек насихаттайық. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің шығысында Абай тұлғасы еңселене түссе , бүкіл жұртымызға шуағы тарап, шапағаты тиер, – дейді жазушы.

Оның пайымынша, аты аңызға айналған, қандай қоғам, қандай кезеңде болса да адамгершілік, парасаттылығыңды сақтап, қандай бастық болсаң  да көргендігің мен кісілігіңді, зиялылығың мен мәдениетіңді ұмытпай тірлік кешуге болатынын Дінмұхамед Қонаев атамыз дәлелдеп берді.

Оның есімінің ұлықталуы халыққа адал қызмет істеген азаматтарға деген құрмет емес пе?! Өмірі үлгі, өнеге емес пе, оның? Бүгінгі басшыларға «сондай неге болмайсың?» деген сын тағылмас па? Аласапыран саясатпен, күрделі экономикалық үрдістермен айналыса жүріп, еліміздің өнерпаздары – ақын, композиторларына дейін ескеріп, қамқорлап жүрген жаны жайсаң жанды халық қашан есінен шығарып еді? Енді, міне, сол қымбаттысының есімі өзі қазығын қаққан қалаға берілсе, бір парызы өтелгендей қуанбақ! – дейді Серік Жетпісқалиев.

Президент елді жаңғырту, трансформациялауға көштік, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз деді. 

Өзінің олқылықтары мен кемшіліктерінен арылып, Қазақстан дүр сілкініп, жаңғыруға тиіс. Демек, әрқайсымыз еліміздегі іргелі бастамалардың жүзеге асуына атсалысуымыз қажет. Сонда, Ұлытауымыз ұлықталып, Абайымыз ардақталып, Қонаевымыз құрметтелгені сияқты жақсылықтарға жолыға беретін боламыз, – деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы