Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақшам уақыты. Баспасөз-турына жиналған бір топ журналист шағын автобуспен елордадан шығып кеттік. Нұр-Сұлтан-Теміртау ақылы тас жолының бір кедірі жоқ, зулап келеміз. Бағытымыз қазақ ежелден қасиет тұтқан, аңызы мен жырына арқау қылған, елдіктің нышанындай көрінетін Қарағанды облысына қарасты – Ұлытау ауданы.
Сапарластар арасында ақын Ұларбек Дәлейұлы да бар. Ол өзі білімді, өзі әңгімешіл жігіт емес пе?! Шыңғыс ханның әулетіне қатысты біраз аңыз бен деректерді сөйлетіп, жол қысқартып келеді. Түн ортасынан ауып, сағат тілі 03:15-ті көрсеткенде Жезқазған қаласына да жеттік. Сол жерде алдын ала дайындап қойған қонақ үйге тоқтап, таңға дейін тынығып алғанды жөн көрдік. Ал ертең бағдарлама бойынша бізді хан бабалардың мазарларына барып, зиярат ету күтіп тұр.
«Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда»
Таңғы астан кейін хан бабалардың кесенелеріне барып, зиярат етуге жолға дайындалдық. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ендігі жерде тақтайдай тегіс жол жоқ. Сондықтан жол ортасынан «ат» ауыстыруға тура келді. Мініп келген шағын автобусымызды Сәтбаев қаласына қалдырып, жол талғамайтын үш көлікке бөлініп мініп, әрмен қарай кеттік. Алдымен Алаша хан мазарына келдік.
Кесене жолдың жағасында, биіктеу бір жотаның үстіне салыныпты. Төрт бұрышты етіп күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, күмбезді екен. Біз тоқтағанда кесененің маңында бір топ оқушыға Алаша хан туралы түсіндіріп жігіт ағасы жүрді.
Деректерге жүгінсек, бұл XV-XVI ғасырларда мықты шеберлердің қолынан шыққан еліміздегі ерекше ескерткіштердің бірі. Сырт көрінісі кірпіштен әр түрлі кескінді өрнекпен қаланған. Өрнектің түрлері, әсіресе, кіреберіс бетінде алашаның суретімен безендірілген.
Сондай-ақ мазар екі қабырғадан тұрғызылған. Ортасында мазардың үстіне шығуға болатын тар қуырты баспалдақ салынған. Ең кереметі, баспалдақтың адам басқан жиегі мүжілмесін деп, жігер сексеуілден кемер салыныпты. Арада қанша ғасыр өтсе де сол қалпын жоғалтпапты.
Алаша хан туралы түрлі аңыздар айтылғанмен, нақты дерек тым аз.
Хан мазарының қасында аз аялдап, осында жатқан аруақтардың рухына ағалар Құран бағыштап, әрі қарай жүріп кеттік. Келесі бағыт – Жошы хан мазары.
Жошы ханның жұмбақ қазасы
Соңымызға будақ-будақ шаң қалдырып, қара жолмен жүріп келеміз. Арқаның адыр-адыр даласы. Сол далаға қарап отырып, кезінде бұл далада алғашқы қауымдастықтың, қола, темір дәуірлерінің, Шыңғыс хан заманының, Жошы хан ұлысының, Ақ Орданың Қазақ хандығының керемет заманы өткен еді-ау деген ой келеді. Ал қазір мұнда мыңғырған мал да, ерсілі-қарсылы жүрген жан да жоқ. Мінгеніміз жарақты көлік болғандықтан жолдың нашарлығы бізге аса біліне қойған жоқ. Жалпы, Жошының басына жеңіл көлікпен жету мүмкін емес екен.
Мынау Жошы ханның кесенесі.
Тарихи мекен. Алайда, келушілерге бұл тарихи орын аса әсер қалдыра алмағандай көрінді маған. Бәлкім, оның себебі қайта жөндеу жұмыстарынан-ау деп топшыладым. Бүгінде мазардың ішкі қабырғасын тегістеп сылап, "еуро жөнжеу" жүргізіп жатыр екен. Енді түс қағаз жапсырып шықса, қаладағы шенеуніктердің бөлмелерінен еш айырмасы болмайын деп тұр. Бәлкім, жөндеу жұмыстарының барлығы талапқа сай дұрыс жүргізіліп жатқан шығар, дегенмен кез келген тарихи ескерткішті қалпына келтіру барысында өзінің табиғи келбетін жоғалтпай сақталғаны әлдеқайда дұрысырақ секілді.
Алтын Орданың 750 жылдығына орай Жошы ханның кесенесінің қасына үлкен кешеннің құрылысы жүріп жатыр екен. Онда демалыс орны, қонақ үй, асхана секілді келушілерге қажетті, туристерге ыңғайлы жағдай жасалатын болады.
Бұл жерде барлығымызға да ерекше ұнағаны Жошы ханның алып ескерткіші болды. Дәл бұрынғыша өзінің салтанатты тағында ұшы-қиыры жоқ ұлы даласына көз жіберіп қарап отыр.
Осы кезде құрылыс жұмыстан жіргізіп жатқан бірнеше адамның ішінен біреуі сөз бастап, Жошы ханның дүниеге келу мен қаза табуына қатысты деректерді сөйлете кетті.
Жошы – жолшы, жолаушы, қонақ деген мағына береді. Себебі, оны шешесі меркіттердің тұтқынынан босап, жолда келе жатқанда босанған. Сонда бізге жаңа қонақ келді деп атын Жошы қойыпты. Ал Жошының өлімі туралы да түрлі деректер айтылады. Біріншісі, өздеріңіз естіп жүрген құлан аулап жүріп мерт болды десе, екінші бір нұсқада әкесі Шыңғыстан маңайындағылардың арандатуымен арнайы кісі жіберіп, у беріп өлтірткен дейді. Ал үшінші бір деректе Жошының Құлан есімді тоқалы болып, сол әйелі өз баласын таққа отырғызу үшін у берген делінеді. Алайда, соңғы екі нұсқа шындыққа аса көп жанаспайды. Себебі, Жошы Шыңғысханның ең үлкен және ең жақсы көрген ұлы болған. Тіпті, осы Жошының қазасын естіген Шыңғыс хан да көп ұзамай осы құсадан көз жұмған делінеді, – деді.
Мен әуеліде бұл кісіні осы кесененің шырақшысы болар деп топшылағам. Сөйтсем, осы өңірдің қарапайым ғана тұрғыны екен.
«Бірінші би – халық, екінші би – тарих», «Халықтың ақылы – мұхит» деген нақыл сөздерді бұрын естігеніммен, мән бермеген екенмін. Бұл өңірдің тұрғындары аймаққа қатысты аңыздар мен тарихи деректерді жақсы біледі екен. Бағана Алаша хан мазарының басында да, енді, міне, Жошы ханның кесенесінің қасында да кезігіп, тарихын айтып жүрген кісілер - осы елдің қарпайым ғана азаматтары.
Күн төбеден ауды. Біз енді қайта Сәтбаев қаласына барып, одан әрі Ұлытау ауданының орталығына баруға қамдандық.
(Жалғасы бар)