Ұлытау облысында зымыран құлады

29 Қазан 2022, 08:35
17001
Бөлісу:
Ұлытау облысында зымыран құлады

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы далаға ғарыш кемесінің сынығы құлады. Осыған байланысты жақын маңдағы қыстақтардың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлады BAQ.KZ.

Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Әлеуметтік желіде ғарыш кемесінің сынықтары түсірілген видео тараған. Автордың айтуынша, ол Орынбай ауылының маңына құлаған. Тұрғындар бұл азаматтардың денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіпті болуы мүмкін деп қорқып жатыр.

Зымыранның бір сатысы Жаңаарқа ауданындағы Орынбай ауылының маңында құлады. Әйтеуір, ешкімнің басына түскен жоқ, – делінген видеоның астындағы жазбада.

Жаңаарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ғарыш кемесі сынықтарының құлау себебін айтып берді. Ведомство оның қауіп төндірмейтінін және құлаған жерден әкетілгенін айтты.

Бұл – «Прогресс МС–21» жүк кемесінің сынығы. Ол Орынбай ауылынан 25 шақырым жерге құлаған. Жақын маңдағы қыстаулардың тұрғындары көшірілді. Орынбай ауылының тұрғындары көшірілген жоқ. Роскосмос мамандары ғарыш кемесінің ұшатын күні мен уақытын алдын ала білгендіктен, оның сынықтары құлайтын жерді анықтаған. Олар учаскені күзететін арнайы жедел әрекет ету тобын құрды. Ғарыш кемесінің бірінші сатысының сынықтары қазірдің өзінде алынып тасталды, олар қауіп төндірмейді, – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы