- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ұлыбританиялық сарапшы Сәтбаевтың «Челсидегі» болашағы туралы айтты
Ұлыбританиялық сарапшы Сәтбаевтың «Челсидегі» болашағы туралы айтты
Келісімшарт ойыншы 18 жасқа толғаннан кейін, яғни тамыз айында күшіне енеді.
Бүгiн 2026, 09:32
«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаев «Челсиге» ауысады. Ағылшын клубы қазақстандық футболшының трансферін 2025 жылдың ақпанында 4 миллион еуроға рәсімдеген болатын. Алайда келісімшарт ойыншы 18 жасқа толғаннан кейін, яғни тамыз айында күшіне енеді.
Дастан Сәтбаев жаңа клуб жүйесінде қандай орын алуы мүмкін? Мұндай жағдайда футболшылардың ауысуы әдетте қалай жүзеге асады? Сондай-ақ Роман Абрамовичтен кейін «Челсидің» қазіргі жағдайы мен клуб философиясы қандай? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі әлемдік спорт индустриясының жетекші мамандарының бірі, профессор Саймон Чедвикпен сұхбаттасты.
Жаттығу мен тамақтануға басымдық
Саймон Чедвик Франция, Испания, Германия, Қытай, Бразилия, Жапония және Мароккодағы беделді бизнес мектептерінде дәріс оқыған. Сонымен қатар FIFA, UEFA, FC Barcelona, Adidas, Nike, Coca-Cola және PwC ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан. Профессор Forbes, The Economist, Arabian Gulf Business Insight, Asia and the Pacific Policy Forum, Amwaj, CityAM және Doha News басылымдарында тұрақты автор әрі шолушы болған.
Чедвиктің негізгі қызметтерінің қатарында Катарда өткен FIFA 2022 әлем чемпионаты ұйымдастырушыларының зерттеу жөніндегі директоры қызметі бар. Сондай-ақ ол Women in Sport ұйымында зерттеу директоры болып жұмыс істеген және UEFA-мен жиырма жылға жуық уақыттан бері әріптестік орнатқан.
Сәтбаевтың трансферіне пікір білдірген Саймон Чедвик мұндай ауысулар ең алдымен сатып алушы клуб, ойыншы және сатушы клуб арасындағы келісімшарт талаптарымен реттелетінін айтты.
Менің ойымша, егер сатып алушы клуб пен сатушы клубтың қарым-қатынасы жақсы болса, бұл арнайы жаттығу бағдарламаларын әзірлеу сияқты мәселелерді жеңілдетеді. Бірақ ойыншы үшін ең маңыздысы – жарақат алмауға тырысу. Өйткені жарақат трансфердің жүзеге аспай қалуына себеп болуы мүмкін,- дейді Саймон Чедвик.
Оның айтуынша, жаңа маусымға дайындық басталған кезде футболшы жаттығу қарқынын арттырып, «Челси» клубының мамандарының бақылауымен дайындалады.
Чедвиктің пікірінше, Ұлыбританиядағы дайындық қарқыны жоғарырақ болады, өйткені Сәтбаевтан үлкен нәтиже күтіледі. Сондықтан оған физикалық дайындықты ғана емес, тактика, стратегия және дұрыс тамақтану мәселелерін де назарда ұстау қажет.
Мұндай клубтарда, мысалы, «Челсиде» 20-30 деректер талдаушысы жұмыс істеуі мүмкін. Олар ойыншы туралы барлық мәлімет пен статистиканы зерттейді. Әрине, тамақтану мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Оған белгілі бір режиммен тамақтануға, жаттығуға және тіпті ұйқы тәртібін сақтауға тура келуі мүмкін, - дейді Саймон Чедвик.
«Челсидегі» кадрлық ауыс-түйіс
«Челсидің» философиясы туралы айта келе, Саймон Чедвик Лондонның оңтүстік-батысындағы клубтың тарихы қызықты екенін атап өтті. Бұрын клуб ресейлік олигарх Роман Абрамовичке тиесілі болса, қазір оны америкалық жеке инвестициялық қорлар иеленеді. Олар ойыншыларды дамытуда прагматикалық ұстанымды ұстанады.
Чедвиктің айтуынша, бұл – жылдам шешім қабылдау деген сөз. Егер ойыншы дамып, нәтиже көрсетсе, клуб оған сенім артады. Ал прогресс байқалмаса, футболшымен тез арада қоштасуы мүмкін.
Сондықтан қазіргі «Челси» жүйесінің ерекшеліктерінің бірі – кадрлардың жиі ауысуы.
Бұл аса тұрақты клуб емес, өйткені мұнда ойыншылардың ауысуы өте жоғары деңгейде. Бұл команданың нәтижелеріне де әсер етті. Өткен маусымда «Челси» оныншы орын алды. Яғни өте сәтті өнер көрсетті деу қиын.Сондықтан бұл жерде бәсекелестік өте жоғары. Әр мүмкіндік үшін күресіп, бар күшіңді салу қажет, - дейді Саймон Чедвик.
«Страсбурдың» рөлі
Сәтбаев «Челсиге» барған соң бірден негізгі құрамда ойнауы мүмкін бе? Бұл сұраққа Чедвик былай жауап берді:
Егер ол Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе немесе Лионель Месси сияқты ерекше буынның таланты болмаса, онда алғашқы қадамдарының бірі басқа клубқа жалға берілу болуы мүмкін.
Челсидің» Франциядағы серіктес клубы – «Страсбур». Сондықтан жас ойыншылардың белгілі бір уақытын сол клубта өткізуі қалыпты жағдай.
Сол себепті оны жақын арада «Страсбурға» немесе Англиядағы төменгі лига клубтарының біріне, бәлкім шетелдік клубқа жалға беруі мүмкін деп ойлаймын. Бұл оған тәжірибе жинауға, физикалық тұрғыдан дамуға және ойын тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді.
Меніңше, ең ықтимал сценарий осы.Оның негізгі құрамдағы дебютіне дейін тағы екі немесе үш жыл өтуі мүмкін, - деді ол.
«Челсиде» жас ойыншыларды дамытуға арналған арнайы жүйе бар. Академияда түрлі жас санаттары бойынша дайындық жүргізіледі.
Чедвиктің айтуынша, ойыншы жақсы бастама көрсеткен күннің өзінде негізгі құрамға жеткенге дейін клуб жүйесіндегі бірнеше кезеңнен өтуі ықтимал.
Ағылшын футболында Carabao Cup деп аталатын турнир бар. Мүмкін оған алғаш рет өзін дәл сол жарыста көрсетуге мүмкіндік берілер. Қалған уақытта ол клубтың даму жүйесі арқылы біртіндеп өседі. Бұл негізгі құрамның тұрақты ойыншысына айналу үшін екі, үш немесе тіпті төрт жыл қажет болуы мүмкін дегенді білдіреді, - дейді ол.
Сарапшы футболшының ағылшын футболына физикалық бейімделуіне де ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, мұндай лигада ойнау үшін тек техникалық шеберлік жеткіліксіз. Жоғары қарқынға, күштік күреске және тұрақты қысымға төтеп бере білу қажет. Сондықтан Сәтбаев үшін негізгі факторлардың бірі – ағылшын футболының талаптарына тез бейімделу.
Алаңнан тыс өмір
Ойын талаптарынан бөлек, жас футболшыны алаң сыртындағы өмірге де бейімделу күтіп тұр. Чедвиктің айтуынша, элиталық клубқа ауысу тек бәсекелестіктің күшеюін ғана емес, жанкүйерлер, БАҚ және клуб тарапынан болатын үлкен қысымды да білдіреді.
Коммерциялық міндеттемелер артады. Клубтың жарнамалық және демеушілік іс-шараларына қатысу маңызды рөл атқарады. Ойыншыға алаңда ғана емес, оның сыртындағы өміріне де ерекше назар аударылады. Әлеуметтік желіде не жариялайтыныңыз, кіммен араласатыныңыз және кіммен кездесетініңіз – бәрі бақылауда болады. Англия Премьер-лигасының көптеген клубтарында ойыншылармен жұмыс істейтін арнайы қызметкерлер бар. Олардың негізгі міндеті – футболшылардың бейімделуіне көмектесу және туындаған мәселелерді шешу. Егер ойыншы өзін жалғыз сезінсе, туған жерін сағынса, қиын жағдайға тап болса немесе қандай да бір шешім қабылдауға күмәнданса, осы мамандардан кеңес пен қолдау ала алады. Әлемнің көптеген еліндегі қарапайым лигаларда мұндай қолдау жүйесі жоқ деп ойлаймын, - деді ол.
Чедвиктің бағалауынша, Сәтбаевтың негізгі құрамда дебют жасауы оның даму қарқыны мен ойын деңгейіне байланысты. Сарапшы футболда жас басты фактор емес екенін айтады: егер ойыншы жеткілікті деңгейде жақсы болса, өз мүмкіндігін алуы мүмкін.
Сонымен бірге жас футболшыларға қатысты клубтар әдетте олардың дамуын бірнеше жыл бойы бақылайды. Егер осы уақыт ішінде ойыншы өсіп, командаға пайда әкелетінін дәлелдесе, мысалы, кубоктық турнирлерде ойын уақытына ие болуы мүмкін.
Алайда айтарлықтай прогресс болмаса, «Челси» футболшының болашағына қатысты басқа шешім қабылдауы ықтимал.
Ең оқылған:
- Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады? 10 маңызды кеңес
- Құрылыс компаниясы 60 млн теңге қарыз: Алматыдағы бірнеше тұрғын үй кешенінде дау шықты
- Атырауда Орал өзенінде моторлы қайықтар соқтығысты: Зардап шеккендер бар
- 15 млрд доллар инвестиция: Бельгия Қазақстанға неге ерекше қызығушылық танытып отыр?
- "Айыппұлды тек қалтаға салмақ түскенде түсінеді": ІІМ басшысы "штрафстан" туралы сынға жауап берді
Аида БАТУХАН