Алматы, BAQ.KZ. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Әуезов үйі» Ғылыми-мәдени орталығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы бағыттардың бірі – «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында жарық көрген «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының 2-томының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жинақтың 2-томына білікті кәсіби мамандар, күй өнерін тарихи-теориялық тұрғыдан зерттеген күйтанушы-ғалымдар, көне аспаптардың сақталуына ерекше үлес қосып жүрген мамандар жұмылдырылып, домбыра күйлерінің аймақтық дәстүрлерін жалғастырған күй шеберлерінің тәжірибесі мен білімі негізге алынды.
Институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы К.І. Матыжанов модераторлық еткен кездесуде антологияның құндылығы мен мән-маңызы, жұмылдырылған зерттеуші ғалымдардың құрамы, жүзеге асырылған еңбектің ғылыми негізі сөз болды. Антологияның 2-томына ат салысқан кәсіби құрамда өнертану докторлары Г.Н.Омарова, С.Ы. Өтеғалиева, филология ғылымдарының докторы Т.А. Қоңыратбай, жоба жетекшісі, өнертану кандидаты А.Ж. Қазтуғанова, өнер ордаларының басшылары Арман Жүдебаев, Ақан Әбдуәлі, дәулескер күйшілер Шәміл Әбілтаев, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Абдулхамит Райымбергенов, Нұркен Әшіров және тағы басқалары.
Жиында, сондай-ақ, көне сарындардың бастау бұлағы, жанрлық ерекшелігі, тарихи даму үдерісі, олардың сақталу мен насихатталу жолдары, ұлттық құндылықтардың келешек ұрпаққа берер тәрбиелік мәні жайында да сөз қозғалды.
Қосымша онлайн түрде ZOOM платформасы арқылы өткен тұсаукесер рәсіміне антологияның шығарылуына араласқан белгілі музыкатанушылар, күйтанушылар, күйшілер, танымал ғалымдардан бөлек, аудармашылар мен редакторлар, «Музыкатану» бөлімінің қызметкерлері, студия мамандары, Күйшілер одағының мүшелері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздары мен студенттері қатысты.