«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы өтеді

23 Тамыз 2023, 17:19
2526
Бөлісу:
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы өтеді
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Қазақстанда Астана-Түркістан бағыты бойынша «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба 6 қыркүйекте сағат 14.00-де Қаражар (Ильинка) ауылында бастау алады. Осы шара қарсаңында - 5 қыркүйекте елордадағы «Қазанат» ипподромында 18.00-де республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі аясында Жорықтың салтанатты тұсаукесері өтеді.

Ұзындығы 1300 шақырым болатын маршрут Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын басып өтіп, 19 қыркүйекте Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.

Марафон 14 бөлікке (бірінші және соңғы күні 50 шақырымнан; қалған күндері 100 шақырымнан) бөлінген. Жобаның жүлде қоры - 65 млн теңге (демеушілердің есебінен). Жеңімпаз команда 30 млн теңге, екінші орын иегерлері - 20 млн теңге, қола жүлдегерлер - 15 млн теңге алады (Регламентке сай), - делінген хабарламада.

Марафон жұмысына 2 халықаралық, 2 қазақстандық судья және 2 халықаралық, 3 қазақстандық ветеринар шақырылды.

«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Мәдениет және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырады.

Өзгелердің жаңалығы