Астана қаласында «Отандастар Қоры» кеңсесінде «Ұлы Дала» сериясымен жарық көрген кітаптардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР СІМ қарасты «Отандастар қоры» Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесе отырып, шеттегі қазақ қаламгерлерінің үздік туындылары мен шығармашылығын Атажұрттағы оқырманға таныстыру мақсатында былтырғы жылдан бастап «Ұлы Дала» сериясымен кітаптар шығаруды қолға алған еді. Арнайы байқау жарияланып, құрамында білікті мамандар мен қаламгерлер енген Қазылар алқасы іріктеген 10 кітап әрқайсысы 500 данадан алғашқы лекпен оқырманға жол тартты. Бұлар – Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай елдеріндегі қазақ қаламгерлерінің және шетелдегі қазақтар мен ұлттық мұралар туралы бұрын елімізде жарық көрмеген еңбектер. Оның ішінде өлеңдер жинағы, көркем проза, тарихи-танымдық зерттеу, естеліктер бар.
Салтанатты шараға кітап авторлары мен құрастырушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Абзал Сапарбекұлы сөйлеп, жобаның маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталып, бұл қазақ әдебиетіне қосылған үлкен рухани қазына екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе менің жеке назарымда» деген сөзін негізгі алып, сол бағытта Қоғамның жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар Одағының бірлескен бұл жобасы өте өзекті екенін, әлі де шетелдегі түгенделер әдеби мұрамыздың көп екендігін тілге тиек етті.
Өнер зерттеуші, жазушы, Қазақстан және Монғолия театр қайраткерлері одақтарының мүшесі Тайф Тәукейұлы Моңғолияға барған қазақ көшінің тағдырын, ол жақтағы ұлттық театрдың құрылуы жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. «Керуен-ғұмыр» атты тарихи танымдық еңбегін шығарып берген «Отандастар қорына» жүрекжарды алғысын білдірді.
Белгілі түрколог, ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы шетелдегі қазақ баспасөзінің тарихына тоқталып, елімізге жеткізу мәселесін көтерді.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, физика ғылымының докторы, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Досан Баймолда Еуропада 20 жылдан артық тұрған қаламгер ретінде сол жақтағы қазақтардың тарихын зерттегенін, бұл еңбекті «Отандастар қорының» жарыққа шығарғанына шынайы ризашылығын жеткізді.
Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, ақын Сұраған Рахметұлы биыл Монғолияда алғашқы Ата заңның қабылданғанына 100 жыл толғанын, оның алғашқы авторларының бірі Тұрар Рысқұлов екенін, кейіннен 1991 жылға дейінгі кезеңде Монғолиядағы қазақ зиялы қауым өкілдері осы заңға көптеген толықтырулар мен өзгертулер енгізгенін атай келіп, мұны тарихы-әдеби мұра ретінде Қазақстанда шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Белгілі ақын, күйші, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры Кәдірхан Қизатұлы Қытайдағы қазақтар арасындағы айтыс өнерінің тарихына тоқталып, алдағы уақытта сол мұраны толықтырып шығарсақ деген ойымен бөлісті.
Айтыс ақыны, сазгер, мәдениет қайраткері Әбдіғани Бәзілхан «Ұлы Дала» сериясымен жарық көрген кітаптарының шетелдегі қазақ әдебиетін насихаттаудағы рөліне тоқталып, кітап авторларының еңбектеріне қаржылай қолдау білдіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысын білдірді.
Көші-қон қауымдастығының ардагері Ботагөз Уатқан «Отандастар қорының» атқарып отырған іс-шараларына сәттілік тілеп, Қоғамға шетелдегі қазақ әдебиетінің белгілі туындыларының аудио нұсқаларын сыйға тартты.
Кездесу соңында «Отандастар қорының» басшысы келген қонақтарға шынайы алғысын білдірді. «Ұлы Дала» жобасына оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық туғанын, бұл жобаның алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Айтылған ой-пікірлердің өзекті және орынды екендігін, осы бағытта Қоғам тарапынан жұмыстар жүргізілетініне сенім білдірді.