Ұлттық ұланда жаңа форматтағы тақырыптық кеш өтті

18 Желтоқсан 2022, 17:18
1476
Бөлісу:
Ұлттық ұланда жаңа форматтағы тақырыптық кеш өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығында Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған тақырыптық кеш ұйымдастырылды. Осы жолы мерекелік концерт пен марапаттаулардың орнына ұландықтар ел тағдырындағы мерекенің маңызын жаңа форматта түсіндірді. 

Алдымен сахнаға жүргізуші офицер шығып, тәуелсіздіктің тарихы туралы деректерді оқыды. Сонымен қатар, сахнадағы үлкен экран арқылы Ұлттық ұланның бейнестудиясының күшімен жасалған бейнеролик көрсетілді. Тәуелсіздік тек 1991 жылдан мезгілден бастап емес, сонау ата-бабамыздың игі арманы екенін ұландықтар жіті ұғындырғысы келді. Роликтегі оқиға 1875 жылғы Парижден басталады. 

Ұлттық ұланда жаңа форматтағы тақырыптық кеш өтті

Онда жазушы Жюли Верннің «Михаил Строгов  или Курьер Царя» атты жаңа романы талқыланып жатады. Заманауи Ресей тарихында бас көтерген Феофара ханның көтерілісі, Сібірге төнген қауіп туралы баяндалады. Бірі білсе, бірі білмес романдағы ханның образы қазақ даласында болған Кенесары ханның көтерілісінен алынғаны кейінірек айтылады. Сол жылдардың өзінде халқымыздың егемендікке ұмтылғаны көрсетіледі. 

Кейін көрермен Абай тұлғасына, 1932 жылдағы «Ұлы жұттың» қасіретіне тоқталады. Арасында бейнеролик тоқтатылып, жүргізуші өз сөздерімен кей тарихи оқиғаларға түсіндірме беріп отырды. Жалпы алғанда тақырыптық кеш сонау ықылым заманнан басталып, бүгінгі күнге дейінгі уақытты қамтиды. Желтоқсан оқиғасы да бүге-шүгесіне дейін баяндалады. Соңында Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жаңа Қазақстан» туралы айтылған сөздерімен аяқталады. Көрермен кейіпкерлермен тәуелсіздікке қол жетудегі ұзақ жолды бірге өтеді, бірге сезінеді. 

Ұлттық ұланда жаңа форматтағы тақырыптық кеш өтті

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күнін ерекше атап өту туралы тапсырма берді. Ұлттық ұлан әскері бұл бастаманы қолдап, тәуелсіздік мерекесінің мағынасын жаңа форматта түсіндіруге тырысты. Біз салтанатты концерттер мен ұзақ құттықтаулардың орнына тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы қаһарман бабаларымыздың ерлігін жаңа буынға жеткізуді жөн көрдік. Өйткені бұл – тарих. Тарих – тарихи сананы оятады. Тарихи санасы ояу ұлт, ешкімге жеңілмейді. Біздің жауынгерлер мен сардарлар үнемі жеңімпаз болғанын қалаймыз. Сондықтан, бүгін сол ықылым замандағы бабалар рухын әскери қызметшілердің бойына сіңіруді жөн санадық,- дейді майор Рустам Мұқанов.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың бүгінгі заман қаһармандары туралы  айтылған сөзі келтіріліп, Ұлттық ұлан батырларына құрмет көрсетілді. 

Айтып өту керек, Алматы қаласының Полиция департаментінде Ұлттық ұлан батыры, «Айбын» орденінің иегері  капитан Ербол Отарбаевты құрметтеу шарасы өтті. Онда Ерболдың ерлігі негізінде түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмі көрсетілді. Ербол Отарбаев жеке құрам алдына шығып өз өмірі мен қызметі, ерлігі туралы айтып берді. Сондай-ақ, Отанды қорғау, ел тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы