Ұлттық спортпен айналысатын ақтөбеліктердің үлесі қашан артады

11 Наурыз 2024, 15:05
371
Бөлісу:
Ұлттық спортпен айналысатын ақтөбеліктердің үлесі қашан артады
Фото: автордан

Былтыр Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың саны небары 8 пайызға ғана артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Алайда Ақтөбе өңірінде бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Себебі облыста қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан басқа спорт түрлері әлі де дамымай отыр. Әсіресе, ауыл-аймақтарда ұлттық спорт түрлерін дамытуға күш салу керек.

Ақтөбе облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаревтің айтуынша, бүгінде облыста ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар саны — 33 251 адам.

Қазір облыста ұлттық спорттың он түрі дамытылуда. 1016 секция жұмыс істеп тұр. Асық ату бойынша — 200, аударыспақтан — 31, бәйгеден — 7, бес асықтан — 19, көкпардан — 40, қазақ күресінен — 316, теңге ілуден — 3, тоғызқұмалақтан — 388, жамбы атудан бір секция бар. Көкпар бөлімшесі Шалқар, Байғанин, Мұғалжар, Қобда, Алға, Мәртөк аудандарында ашылды. 2022 жылы дәстүрлі садақ ату және асық ату бойынша қалалық федерациялар өз жұмысын бастады. Былтырдан бастап облыста бәйге, жорық, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, асық ату клубтары жұмыс істейді, — дейді ол.

Айта кету керек, былтыр республика көлемінде өткен «Ұлы дала жорығы» марафонында Ақтөбе командасы 2-орынды иеленді. Сондай-ақ Астана қаласында өткен Ұлттық спорт түрлерінің VI фестивалінде аударыспақтан ақтөбелік команда 1-орынды жеңіп алды.

Дегенмен бұл көрсеткіштерді әлі де көтеруіміз керек. Ол үшін аудандарда бұл бағыттағы жұмыстарды дамытуымыз керек. Қазір ауылдарда ұлттық спортты дамытуға мүмкіндік мол. Тек жас спортшылар қатары аз болып отыр, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы