Ұлттық спорт ұлықталған күн

20 Наурыз 2024, 11:56
350
Бөлісу:
Ұлттық спорт ұлықталған күн
PHOTO
Фото: автордан

Елордада "Арғымақ" ат-спорттық сауықтыру кешенінде Наурыз мейрамы аясында Ұлттық спорт күніне арналған "НАУРЫЗНАМА: Ұлттық спорт күні" мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, ұлттық спорт ардагерлері, ұлттық спорт федерацияларының президенттері, спортшылар қатысты.

Ұлттық спорт ұлықталған күн

Қазақтың ұлттық ойындары – мәдени-патриоттық тәрбие беруде ұтымды құрал. Денсаулықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі септігін тигізеді. Бүгін ел ішінде өткізіліп жатқан ат жарыстар, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту сияқты турнирлер азаматтарға шынайы мереке салтанатын сезінуге мүмкіндік береді. Халқымыздың қазынасы ұлттық спортты дамыту барлығымыздың міндетіміз, - деді министр.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спорттың елімізде дамуына тоқталып, биыл Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысын тілге тиек етті.

Ұлттық спорт ұлықталған күн

Бұл күн еліміздегі ұлттық спорттың дамуына ерекше әсер етеді. Бүгінгі іс-шара аясында түрлі ұлттық спорттық сайыстар болады. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Биыл қыркүйек айында елімізде Президенттің бастамасымен, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұған дейін 3 рет Қырғызстанда болған. Ұлттық ойынның олимпиадасына айналып жатыр,- деді Исламбек Салжанов.

Мерекелік іс-шара аясында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары өтті. Қонақтарға қазақы тазы және бүркіт көрсетіліп, құсбегілік өнер таныстырылды. 

Ұлттық спорт ұлықталған күн

Сонымен қатар ұлттық спортты дәріптеп жүрген спорт ардагерлері мен қайраткерлері көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев, тоғызқұмалақтан ҚР екі дүркін чемпионы Мейрамқұл Ноғайбаев, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Мейрамғалиев, белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Құламхан Жақыпов, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов, атбегі Мейрамбек Чакенов арнайы сый-сияпатпен марапатталды.

Іс-шараның жалғасы ретінде көкпардан Астана мен АҚШ құрамалары арасындағы жолдастық кездесу өтті.

Өзгелердің жаңалығы