Ұлттық спорт күні. Әскерилер күш сынасты

20 Наурыз 2024, 16:54
415
Бөлісу:
Ұлттық спорт күні. Әскерилер күш сынасты
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Ертіс өңірінің әскери бөлімдері Наурызнаманың он күндігі аясында спорттық жарыстар өткізіп, келе жатқан Ұлыстың Ұлы күнін салтанатпен мерекеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Ұлттық спорт түрлері мен қазақ салттарын дәріптеуге бағытталған шара 5512 әскери бөлімінде ұйымдастырылды. Сарбаздар арқан тарту, кір тасын көтеру бойынша шеберлік байқасты. Алматылық Нұрхан Тұрсын 32 келілік кір тасын 70 рет көтеріп, қарсыластарына дес бермеді.

Отан алдында борышын өтеп жүрген жастардың барлығы тепсе темір үзетін жігіттер. Олардың қатарында құрыш білекті нағыз спортшылар бар. Бірақ, менің бағым жанды. Наурыз мерекесін жыл сайын асыға күтеміз. Осы күні әскери бөлімімізде қызықты шаралар өтеді. Биыл да қонақтар жиналып, бізге ұлттық тағамдардан дәм татқызды. Ал ұлттық спорт бойынша өткен жарыстар сынаққа айналады. Жаттығулардың нәтижесін көргендей боламыз, - дейді қатардағы жауынгер Нұрхан Тұрсын.

Сайысты өткізуге «Нұр Ана» қоғамдық бірлестігінің ақ жауалықты аналары мұрындық болды.

Сарбаздар туған жерлерінен алыста жүр. Үйлерін, туыстарын сағынады. Сондықтан, мереке қарсаңында келіп, көңіл-күй сыйладық. Түркі халқына ортақ мерекенің құндылығын әр ел азаматы біліп, түсінуі қажет. Ұлттық спорт күні ұландықтарға дәмді тағамдар ұсынып, құқықтық-тәртіп әскеріне деген құрметімізді паш еттік. Әскери бөлмге жиі келуге тырысамыз. Жастарымызды ұлттық рухта тәрбиелеуге үлес қосуды мақсат етеміз. Қарым-қатынас орнатқамызға бірнеше жылдың жүзі болды, - дейді қоғамдық бірлестіктің төрайымы Бақытжамал Максилова.

Спорттық сын-сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің қарасы қалың болды. Жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға ерекше сый – ұлттық киімдер табысталды.

Өзгелердің жаңалығы