Стамбұлда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті

26 Қыркүйек 2021, 13:31
22771
Бөлісу:
Стамбұлда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Стамбұлда дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты Кіші құрылтайы өтті. Бұл туралы Қауымдастық хабарлады.

Алыстағы ағайынның алқалы мәжілісі басталмас бұрын жергілікті билік өкілдері мен Кіші құрылтай делегаттары және қала тұрғындары түрік пен қазаққа ортақ тұлға Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақтың ашылу салтанатына қатысты.

Саябақ Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйытқы болуымен ашылып отыр. Ашылуда Ыстанбұл қаласының 800 мың халқы бар Бағжылар ауданының әкімі Локман Чағырыжы, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз сөйлеп, даңқты спортшының ескерткіші орнатылған саябақтың лентасын кесті. Іс-шараға М. Өзтүріктің қарындасы Перихан мен Германияда тұратын қызы Неслихан да қатысты.

Кіші құрылтай жұмысына Түркия және Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Құрылтайдың қорытындысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қандастардың Үндеуі қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар қатысушылар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З. Тұрысбековтың бұйрығымен «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.

Құрылтай аясында диаспораның жастары үшін қазақстандық жоғарғы оқу орындарының «Білім көрмесі» ұйымдастырылды. Онда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Халықаралық Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті өкілдері аталған оқу орындары жөнінде ақпараттық таныстырылымдар жасап, сырттағы жастарды арнайы бөлінетін квота шеңберінде оқуға шақырды, - делінген ақпаратта.

Шаралар легі Бағжылар аудандық мәдениет орталығында жалғасты. Онда қала тұрғындары мен қандастардың назарына Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алтын тамырлы Атажұрт» көрмесі ұсынылды. Артынша осы жерде Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі гала-концерт берді. Музыкалық кеш көрерменнің ыстық ілтипатына бөленіп, үлкен қошеметке ие болды. Шараның соңында З. Тұрысбеков қонақтарға қазақтың шапанын жапса, Ә. Байел Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап басылған күміс естелік монеталарды сыйға тартты.

Құрылтай шеңберінде Жамбыл облысының өкілдері Мұстафа Өзтүрік саябағының ашылуында өнер көрсетсе, «Алтын тамырлы Атажұрт» жетістіктер көрмесін Ақмола облысы әкелді. Ал Тәттімбет атындағы оркестрдің гала-концертін Қарағанды облысы ұйымдастырды. Кіші құрылтай жыл сайын әр түрлі елдерде өтіп отырады. Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзі қазақтарының Ұлы құрылтайын өткізу жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы