Соңғы жылдары Түркістан облысында жаңа мәдени орталықтар мен білім беру мекемелері салынып, қаланың тыныс-тіршілігі мен имиджі қайта жаңарды. Ұлттық құрылтай аясында киелі шаһарға ерекше мәртебе беріліп, өңір әлеуетін ілгерлетуге одан әрі мүмкіндік берді. Мәселен тарихи әрі мәдени мұраны жаңғырту, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Осы тұрғыда, Ұлттық құрылтай аясында Түркістан облысында атқарылған жұмыстарға BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрмек.
Ұлттық құрылтай барысында талқыланған ең өзекті мәселенің бірі - мәдени мұраларды қайта жаңғырту жұмыстары болатын. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркістанда өткен құрылтай жиынында бірқатар ұсыныстар айтып, талқыға салды. Содан кейін Түрістанға ерекше мәртебе беріліп, заң қабылданды.
Еліміз үшін киелі шаһар сыйпатына ие Түркістан үшін бұл мәртебенің маңызы зор. Себебі Түркістанның тарихи және мәдени құндылықтарын сақтау мен дамытуға үлкен мүмкіндік туып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымының жақсаруына жол ашылды. Қала тек қана туристік бағытта ғана емес, сонымен қатар ұлттық руханияттың ошағы ретінде маңызды орынға айналды.
Ерекше мәртебе заңы аясында отандық қолөнершілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Биылғы жылдың ақпан айында Түркістанға "World Craft Council" халықаралық ұйымының мүшелері мен Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша вице-президенті, аймақ бойынша сарапшылар – Үндістаннан, Түркиядан, Оңтүстік-Шығыс Азия аймағынан арнайы сапармен келіп, қала мүмкіндіктерін жоғары бағалаған болатын.
Нәтижесінде Түркістан қаласы "World Craft Council" халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің келісімімен "Қолөнершілер қаласы" мәртебесін иеленді. Алдағы уақытта "Ерекше мәртебе" статусы аясында қолөнершілердің шығындарының 25% субсидияланатын болады дейді қала әкімі.
Сондай-ақ таяу уақытта Қолөнершілер орталығын пайдалануға беру жоспарлануда. Осыған байланысты, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреқызы бұл бастаманың қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, шеберлердің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ оның пікірінше, Ұлттық құрылтай аясында атқарылған жұмыстар Түркістан тарихын қайта жаңғыртуға үлкен серпіліс бермек.
Ұлытаудағы өткен Құрылтайдан соң Республика күнінің белгіленуі, “Еңбек адамы” тұжырымдамасының бекітілуі, Түркістандағы, Атыраудағы жиыннан соң “Адал азамат” тақырыбының ұлттың рухын оятуы, заңның үстемдігінің салтанат құру жолындағы қабылданған зорлық-зомбылыққа қарсы, вейптер жөніндегі, вандализмге қарсы, есірткі тасымалы мен өндірушілер бойынша, ойын бизнесі лудомания жөніндегі, мемлекеттік наградалар туралы қабылданған заңдар Құрылтай жұмысының тиімділігін көрсетіп отыр. Жақында ғана Түркістанға Ерекше мәртебе берілуі, оның құқықтық негізінің қалануын ел болып, жұрт болып сезінудеміз. Жалпы Ұлттық құрылтай аясында атқарылған жұмыстар Түркістан облысының мәртебесін артырып, әлеуметтік бағытын одан әрі нығайта түсі, - дейді Қалыйма Жантөреқызы.
Төрт рет өткен Ұлттық құрылтай жиыны еліміздегі білім беру нысандарын қайта жаңғырту, олардың әлеуетін арттыру тиімділігін ортаға салған болатын. Осыған байланысты 40 бөлімнен тұратын арнай жоспар қабылданып, өңірдегі атқарушы билікке жолданған. Түркістан облысында олардың басым бөлігі орындалып, бүгінде нәтижелі жұмыс атқарылған.
Атап айтқанда, «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Әділдік пен жауапкершілік», "Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік", "Заң мен тәртіп", "Жасампаздық және жаңашылдық" сияқты жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыруға қатысты елеулі бастамалар бар. Соның ішінде, Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы қарқынды жүруде.
Ал құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 343 миллиард теңгеге жетіп, өсім 131 пайызды құраған. Ал халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, аудан, қалаларда арендалық және ипотекалық баспаналар салынуда. Нәтижесінде кезекте тұрған 5 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешілмек.
Сонымен бірге әлеуметтік нысан жұмысы да қарқынды. Өңірдегі 29 білім беру нысаны "Жайлы мектеп" жобасы аясында соғылуда. Бұл бастама орын тапшылығы мен төрт апатты, үш ауысымды мектеп мәселесін ілгерлетеді.
Сондай-ақ, биыл алғаш рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілген. 193 мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, 107 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылған. 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 миллиард теңгеден астам қаражатты бағытталған. Түркістан облысы білім басқармасының мәліметінше, 330 мектеп жоғары жылдамдықты "Starlink" спутниктік интернет технологиясымен қамтылған. Ал өңірде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан салынып жатыр. Бұдан бөлек 4 ауруханаға күрделі жөндеуден өтуде.
Түркістан облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, "Бітімгер" медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев Ұлттық құрылтай аясында 9 заң қабылданғанын айтып, өңір тәртібін одан әрі қуаттай түскенін айтады.
Ұлттық құрылтай аясында қабылданған 9 заң өңір дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Түркістан облысы ерекше мәртебе алғаннан кейін, оның тәртібін және даму әлеуетін нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті жақсарту, құқықтық жүйені жетілдіру мен мәдени мұраны сақтау мәселелеріне басымдық берілгені қуантады. Осы өзгерістер арқылы біз Түркістанды тек Қазақстанның ғана емес, халықаралық деңгейде де мәдени, рухани орталыққа айналдыруға зор мүмкіндік аламыз. Алдағы уақытта осы бастамалардың нақты жүзеге асырылуы өңіріміздің жарқын болашағы үшін маңызды қадам болары сөзсіз - дейді, Бақытжан Бейсембаев.
Құрылтай аясында көтерілген тағы бір жоспарлы жобалардың бірі – ауыл мәдениеті мен тұрмысын жақсарту жұмыстары. Осы тұрғыда Түркістан облысында 2024 жылдан бастап "Үлгілі ауыл" байқауы өткізілген. Ережеге сай жеңімпаз болған аудандарға бюджеттен арнайы қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Мысалы жеңімпаз атанған Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылында құны 500 млн теңгеге - Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілсе, 2-орынға жайғасқан Шардара ауданындағы Көксу ауылында 120 млн теңгеге 2 қабатты ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, үйірмелер орталығы ашылмақ.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында 37,8 млн теңгеге шағын спорт және балалар ойын алаңшасы, Созақ ауданы Жартытөбе ауылында 26 млн теңгеге балалар ойын алаңының құрылыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі екен.
Бұл құрылтай қоғамдағы түрлі топтардың мүдделерін ескеріп, оларды бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдырғаны сөзсіз. Сондай-ақ, Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлкен ықпал еткенін байқаймыз.