Ұлттық құндылықтар дәріптелетін күн - Тұрар Сәттәрқызы

17 Наурыз 2024, 17:18
338
Бөлісу:
Ұлттық құндылықтар дәріптелетін күн - Тұрар Сәттәрқызы
Фото: жеке мұрағаттан

“Қара шаңырақ” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Сәттарқызы “Шаңырақ” күнінің қалай тойлануы керегін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Бүгін “Шаңырақ күні” деп белгіленді. Бұл күнді қалай атап өту керек? Қандай мағынаға ие деп ойлайсыз?

Әз-Наурызымыздағы Шаңырақ күні, бірінші кезекте, отбасы құндылықтарын дәріптейтін күн. Қазақстанда өмір сүретін әрбір отбасы мемлекеттің бір бөлшегі. Яғни мемлекет шаңырақ болса, оның әрбір уығы отбасы болып саналады. Сондықтан әрбір шаңырақтың астында ұлыс пен этносы болсын бәрі тату болып, мерекені шаңырақтан бастап тойлауға тиіс. Бұл күн еліміздегі бүкіл халықтың татулығы мен достығынан көрініс беретін мерекеге айналуы керек. Мұндай күнде туған-туысқандарымызды және көші-қолаңдарымызды қонаққа шақырып, ас беріп, қыстан қалған ең жақсы дүниемізді дастархан басына тартуымыз керек. Ұлттық тағам қойылып, киміміз киіліп, жора-жолдастармен мәз-мейрам болатын мереке деп ойлаймын.

- “Әз-Наурыз жаңа жылдай тойланбайды” деп жатады. Оған жету үшін не істеу керек?

Біз өскелең ұрпаққа да мұның мән-мағынасын түсіндіруге тиіспіз. Жалпы, наурыз мейрамы дарақылыққа жол беріліп, жасанды түрде есеп үшін өткізбеуіміз керек. Біз жаңа жылда балаларымызға түрлі сыйлықтар беріп қуантып жатамыз. Сол сияқты “Шаңырақ” күнінде де балаларымызды мерекелік көңіл-күйге бөлеуіміз керек.

- Әз-Наурыз арқылы өскелең ұрпаққа қандай ойды жеткізуіміз керек?

Жалпы, шаңырақтың үлкендері, ақсақалдары қазақ халқының еңбекке баулитын игі дәстүрлерін көрсетсе деймін… Әрине, мұндай рәсімдер еліміздің кейбір өңірлерінде бар, дегенмен бүкіл жерімізде қалыптасса екен. Еліміздің түпкір-түпкірінде жас отбасылар арасында сайыстар ұйымдастырылып, онда тарихи және салт-дәстүрге қатысты сұрақтар қойылуы керек деп білемін. Біз “Шаңырақ” күнінде ересектер мен балаларды ғана қамтымай, жасөспірімдер мен жастарды да ұмытпауға тиіспіз.

- Ұлттық киімді наурызда киіп, кейін шешіп тастаймыз. Неге бұлай?

Біздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген көптеген азаматтар бар. Алайда, бүгінгі таңда сол адамдардың қадіріне жетіп жатқан ешкім жоқ. Бұл дүниеден өкінішпен кетіп жатқаны қаншама?! Олар ешкімге міндетсінбей, бәрін өздері тегін істей береді. Мәселен, шетелдіктер үшін біздің ұлттық киімдеріміз бен ғұрыптарымыз өте қызық. Алайда бұл қазақтың өзіне әлі қызық болмай тұр…

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы