Ұлттық қорғаныс университетінде Түркияның әскери білім саласының өкілдері бас қосты

30 Мамыр 2024, 06:25
282
Бөлісу:
Ұлттық қорғаныс университетінде Түркияның әскери білім саласының өкілдері бас қосты
Фото: gov.kz

Астанадағы әскери жоғары оқу орнына Түркия Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің ректоры доктор Эрхан Афионжудың басшылығымен түрік делегациясы барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев шетелдік делегацияны қабылдады. Хаттамалық кездесу барысында тараптар әскери білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде түрік әріптестерге ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаменті өкілдерінің, Құрлық әскерлері әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты және Әуе қорғанысы күштері әскери институты бастықтарының қатысуымен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Түрік делегациясы Қазақстанның әскери білім беру жүйесімен, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің материалдық-техникалық базасымен және білім ордаларының оқыту бағдарламаларымен танысты.

Әскери білім мен ғылымның өзекті мәселелері талқыланған брифингтер, дәрістер ұйымдастырылды.

Бұдан өзге шетелдік делегация мүшелері орыс және түрік тілдері бойынша курстық даярлықтан өткен әскери қызметшілердің салтанатты оқуды аяқтау рәсіміне қатысты.

Түрік әскери қызметшілерінің сапары Қазақстан мен Түркияның қорғаныс ведомстволары арасындағы 2024 жылға арналған екіжақты ынтымақтастық жоспары шеңберінде өтті.

Өзгелердің жаңалығы