Ұлттық пантеонда жерлеу керек: Депутат Кенесары ханның басын қайтару мәселесін көтерді

11 Қаңтар 2023, 12:30
1112
Бөлісу:
Ұлттық пантеонда жерлеу керек: Депутат Кенесары ханның басын қайтару мәселесін көтерді

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін депутат Бақытбек Смағұл Кенесары ханның басы мен мылтығын қайтарып беруге қолдау көрсету мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Осыған қатысты депутаттық сауалын сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Хан Кене аз уақытқа болса да, барлық үш жүзді біріктіріп, хандықты, яғни қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіре алды. Көптеген зерттеуші елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтірудегі Кенесарының ерекше рөлін атап өтті. Оған патша әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарап, оны «Қазақ даласының Митридаты», «ержүрек батыр» деп атаған. Кенесары Қасымұлының ұлағатты өмірі, жанқиярлық ерлігі, елге адал қызметі үлгісінде қазақ батырларының бірнеше ұрпағы, XX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшылары тәрбиеленді, - деп айтты депутат Бақытбек Смағұл сауалында. 

Сөзінше, қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр. 

2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды, - дейді ол. 

Бақытбек Смағұл Кенесары ханның басын қайтаруды сұрады. 

Құрметті Әлихан Асханұлы, Кенесары ханның туғанына 220 жыл және Ұлы ханымыз бастаған көтеріліске 185 жыл толуын, мұның ұлттық тарихтағы маңызды орнын ескере отырып, сонымен қатар Әділетті Қазақстанда тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында Сізден Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз, - деп толықтырды сөзін депутат Смағұл.

Өзгелердің жаңалығы