Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, VIII шақырылымдағы Мәжілістің жұмысына қорытынды жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Мәжіліс осы шақырылымда 66 заң жобасын қарап, оның 60-ын қабылдаған. Соның ішінде 28 заң жобасы депутаттардың бастамасымен, ал қалғандары Үкіметтің ұсынысымен әзірленген.
Депутаттың айтуынша, өзі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеп, денсаулық сақтау және ғылым-білім саласына қатысты заң жобаларына жетекшілік еткен.
Сонымен қатар, депутаттық бастамалардың ішінде нақты нәтиже берген жұмыстарды да атады.
Ұлттық киім күніне қатысты бастама көтердік. Нәтижесінде 18 наурыз Ұлттық киім күні болып бекітілді. Сондай-ақ балалар лагерлеріндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту мәселесін бірнеше рет көтердік. Соған сәйкес сауықтыру орындарына қойылатын талаптар қатаңдатылды, – деді Дәулет Мұқаев.
Алайда барлық мәселені шешу мүмкін болмағанын да жасырмады.
Өкінішке қарай, зейнет жасын төмендету мәселесі шешілген жоқ. Бұл қазіргі экономикалық жағдай мен бюджет тапшылығына байланысты болды, – деді ол.
Депутат жеке мандат арқылы сайланған өкіл ретінде Астанадағы бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де атсалысқанын айтты. Оның сөзінше, үлескерлер мәселесін шешу, үш ауысымды мектептердің санын азайту бағытында жұмыстар жүргізілген.
Сондай-ақ ол Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қаланың әлеуметтік мәселелерін шешудегі бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді.
Журналистердің «Әділет» партиясына қосылу жоспары бар ма?» деген сұрағына Дәулет Мұқаев әзірге ешқандай ұсыныс алмағанын айтып, бұл мәселені «уақыттың еншісіне» қалдырды.
Ал бұрын қоғамда талқыланған «көк папка» дауына қатысты депутат ешқандай заң бұзушылық болмағанын жеткізді.
Көк папка – Парламенттің ресми құжаты емес. Оны өзім типографияда жасаттым. Онда ресми мөр де, мемлекеттік органның қолы да болған жоқ, – деді ол.
Болашақ жоспарлары туралы айтқан Дәулет Мұқаев алдымен отбасына уақыт бөлуді көздейтінін жеткізді.
Қазір басты жоспарым – балаларыммен бірге болу. Жазғы демалыс кезінде оларға көбірек уақыт бөлгім келеді. Алдағы жоспарлар кейін белгілі болады, – деді депутат.
Сөз соңында ол Қазақстанда әлі де халықтың табысына шаққанда азық-түлік бағасының жоғары екенін айтып, бұл бағытта Үкіметтің жұмысы жалғасуы қажет екенін атап өтті.