Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады – Президент

25 Сәуір 2024, 12:02
207
Бөлісу:
Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады – Президент
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Сондықтан табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан түзу қажет, - деді ол.

Президент Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылатынын айтты.

Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады, - деді Мемлекет басшысы.

Ол елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынғанын тілге тиек етті.

Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді, - деді ол.

Сондай- ақ ол Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартатып, оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтетінін айтып өтті.

Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл қызмет жер асты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады. Қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауаптымыз, мұны естен шығармау керек. Қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеген жөн. Менің бастамаммен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Ескертемін, бұл – ешқандай да бір реттік іс-шара емес. Барлық өңірде аумақтарды көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі, - деді Мемлекет басшысы.

Президент қалалар мен ауылдарды абаттандыру керек екеіе жеткізді.

Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс. Саламатты әрі жайлы орта қалыптастырамыз десек, азаматтар барынша белсенділік танытуы керек. Қоғам мүлкіне залал келтіретін адамдарды заңмен жауапқа тартамыз.Әкімдер Үкіметпен бірлесіп жергілікті жолдарды жөндеуге кірісуі қажет. Бұл жұмыстар әкімдердің қызметін бағалайтын негізгі индикаторлар тізіміне енгізіледі, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы