"Ұлттық банк төрағасы қашқақтап жүр". Әміртай "7-20-25" бағдарламасы жайында

14 Маусым 2023, 12:28
1860
Бөлісу:
"Ұлттық банк төрағасы қашқақтап жүр". Әміртай "7-20-25" бағдарламасы жайында
Фото: автордан

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру тетігін қайта қарау керек екенін айтты. Ол жобаға қатысты Президентке ашық хат жазатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру бес есе азайды. Бұл көптеген әлеуметтік-экономикалық қиыншылыққа әкеледі. Сол себепті бұл бағдарламаны қайта зерттеп, зерделеп Мемлекет басшысына ашық хат жолдаймыз, - деді ол «Әлеуметтік сұраныс 7-20-25» жиынында.

Инфляция және экономикалық жағдайды есептегеннің өзінде баспана бағдарламасын қаражатты шегермеу керек. Оның айтуынша, үкімет қаражатты үнемдегісі келсе, министрліктердегі тиімділігі аз бағдарламаларды шектегені жөн.

"Ұлттық банк төрағасы қашқақтап жүр". Әміртай "7-20-25" бағдарламасы жайында

«7-20-25» бағдарламасына жыл сайын мемлекет тарапынан 500 млрд теңгедей қомақты қаржы бөлініп тұрды. Алайда, биыл 500 млрд қаржы 100 млрд-қа азайып отыр. Яғни бес есе азайып отыр, бұл дегеніміз құрылыстың да, оған қажетті құрал-жабдықтар жасайтын компаниялардың да жұмысы баяулайды деген сөз. Оның үстіне халықта да пәтерге деген сұранысы одан бетер арта түседі, бірақ көпшілікке қолжетімді бола қоймайды. Мұның соңы әлеуметтік протестке әкеледі. Ал егер мұндай бағдарламаны тоқтатқымыз келсе, бұдан мықты бағдарлама жасауымыз керек. «7-20-25» бағдарламасының халық арасында өз орны бар. Әрине, бағдарламаны жетілдіру керек бірақ мұндай жолмен емес. Жаңа бағдарлама іске асса ол біртіндеп қосылғаны жөн, - деді Азаматхан Әміртай.

Партия төрағасы «7-20-25» бағдарламасына толық қаражат бөлінуі тиіс екенін айтады.

Ұлттық банк инфляция және басқа да салдарынан қорқатын болса, басқа да жақтарын қарастыруы керек. Мәселен, биыл жобаға бөлінген қаржыдан Астана қаласында көптеген құрылыс ошақтары тоқтап отыр. Ол жерде қаншама адам жұмыс істейді? Оларға құрылыс материалдарын әкелетін компаниялардың да жұмысы тоқтап жатыр. Бұл – дұрыс үрдіс емес. Ұлттық банк төрағасымен және банк орынбасарымен байланысқа шықтық. Олар қашқақтап отыр. Диалогта түсініксіз жағдай қалыптасты. Бізге бір жағынан «7-20-25» бағдарламасын қолдаймыз, бірақ қаражат бере алмаймыз дейді. Бұл жерде кімнің мүддесі жүріп жатыр? Қандай олигархтар бұл жобаға тоқтау салып отыр? Өйткені, мәселен елімізде қарапайым халықтың қолы жете бермейтін баспана салатын компания көп. Бәлкім солар әсер беріп отырған шығар, - деді ол.

«Қазақстан құрылысшылар одағы» төрағасының орынбасары Валерий Лакисовтың пікірінше, қазіргі таңда сұраныс азайып, құрылыс жұмыстарының көбі тоқтаған.

Жобаның қаражаты қысқарған кезде көпшілікке қолжетімсіз дүниеге айналды. Қазіргі таңда елдің тек 5-8 пайызы үй ала алады. Себебі ай сайынғы төлемнің өзі мен алғашқы жарнасы айтарлықтай қымбаттады. Мұндай ақшаны төлеуі үшін әр отбасыға бірнеше жерде жұмыс істеуі керек, - деді Лакисов.

"Ұлттық банк төрағасы қашқақтап жүр". Әміртай "7-20-25" бағдарламасы жайында

Бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «7-20-25» бағдарламасының лимиті алынбайтынын айтқан болатын.

7-20-25» бағдарламасын Ұлттық банк 2018 жылы бюджеті 1 трлн теңге деңгейінде іске қосты. Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңінде 2023 жылға қарай жалпы сомасы 873,6 млрд теңгеге 65 554 отбасы несие алды. Даму қарқынын ескере отырып, бағдарлама 2023 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылғы 19 желтоқсанда Ұлттық банк басқармасының шешімімен бағдарламаны іске асыру мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды. Бұл ретте, 2023 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру тәртібі өзгертілді. 1 трлн теңге сомасында жалпы бюджеттің орнына жылына 100 млрд теңгеден аспайтын бюджет белгіленеді, - деді Роман Скляр депуттарға берген жауабында.

Өзгелердің жаңалығы