Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті шешім 24 немесе 25 шілдеде қабылданатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, маусым айында жылдық инфляция 10,4%-дан 10,3%-ға төмендегенімен, бұл реттеуші күткен қарқыннан баяу болды.
Айлық инфляция біздің болжамнан жоғары шықты. Сонымен қатар көршілес елдердің нарықтарында белгілі бір қысым сақталып отыр. Бұл факторларды да ескеруге тиіспіз, – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Ол Ресеймен қатар өңірдегі басқа мемлекеттердегі экономикалық ахуалдың да Қазақстанға ықпал ететінін атап өтті.
Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк жазғы жеміс-көкөніс маусымы азық-түлік бағасының өсуін баяулатады деп күткен. Алайда әзірге бұл болжамның қаншалықты жүзеге асатыны белгісіз.
Инфляцияның төмендеп, базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік бергенін қалар едік. Бірақ әзірге қандай да бір алдын ала қорытынды жасауға ерте, – дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк басшысы теңге неге нығайғанын түсіндірді.