Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов цифрлық активтерді индустрияландыру және дамыту шараларына арналған брифингте теңге бағамының қазіргі жағдайына баға беріп, доллар бағамына қатысты болжамын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, соңғы сегіз айда теңгенің нығаюына әкімшілік араласу емес, нарықтағы табиғи факторлар ықпал еткен.
Соңғы сегіз айдағы жағдай теңгенің тек әлсірей бермейтінін көрсетті. Экспорт өсіп жатыр, импорт көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ. Соның нәтижесінде валютаға сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі сақталып, бағамның тұрақтылығына әсер етті, – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Шетелдік инвесторлар теңгені қолдап отыр
Сүлейменовтің айтуынша, теңгенің нығаюына шетелдік инвесторлардың қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарға қызығушылығы да оң әсер еткен.
Олар Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерін, экономикалық өсімін және төлем балансының тұрақтылығын жоғары бағалап, долларларын теңгеге айырбастап, мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция құйып жатыр. Бұл өз кезегінде ішкі валюта нарығындағы ұсынысты арттырған. Ұлттық банк төрағасы бейрезиденттердің инвестициясын «қысқа мерзімді» деуге келмейтінін атап өтті.
Инвесторлар өз мүддесі қорғалған елде ұзақ мерзім жұмыс істеуге дайын болады. Қазір Қазақстанда дәл сондай жағдай қалыптасып отыр, – деп түсіндірді ол.
Оның мәліметінше, бүгінде мемлекеттік борыштағы бейрезиденттердің үлесі шамамен - 8%. Бұл көрсеткіш бұрын-соңды 9%-дан аспаған. Ұлттық банк бұл үлестің 10% шамасында сақталғанын теңгерімді деңгей деп есептейді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, биыл доллар бағамының айтарлықтай құбылуына негіз жоқ.
Өткен жылы төлем балансы тапшылықта болды. Ал биыл, болжам бойынша, профицит қалыптасады. Бұл – экономиканың тұрақтылығын көрсететін маңызды макроэкономикалық көрсеткіш. Импорт көлемі де бұрынғы деңгейде сақталып отыр. Сондықтан валютаға қосымша жоғары сұраныс байқалмайды, – дейді ол.