Астана қаласының Полиция департаменті бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсталу сәтінен кадрлар жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарияланған видеода спортшыны ұстау сәті, оның медициналық куәландырудан өтуі, сондай-ақ сот отырысы бейнеленген.
Полицияның мәлімдеуінше, Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі жол-көлік оқиғасынан кейін апат болған жерден кетіп қалған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде оның жүрген жері анықталып, ер адам ұсталды.
Елеусіновке қатысты көлік құралдарының зақымдалуына әкеп соққан, мас күйінде көлік басқару, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу фактілері бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
Еске салайық, бұған дейін Данияр Елеусіновтің Астанадағы үш жол-көлік оқиғасынан кейін қамауға алынғаны хабарланды.