Ұлттық жоба аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласы қалай дамиды?

2 Желтоқсан 2021, 15:51
2785
Бөлісу:
Ұлттық жоба аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласы қалай дамиды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы орайда экономиканың әр саласына білікті кадрларды даярлаумен айналысатын техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді.

Осы мақсатта жақында қабылданған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында да техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған көптеген іс-шара жоспарланған.

Соның бірі - «Жас маман» жобасы шеңберінде жабдықталған колледждердің базасында құзыреттілік орталықтарын құру және оқу-өндірістік шеберханаларын кеңейту.

«Жас маман» жобасы еліміздің 180 колледжін модернизациялауды, яғни оларды заманауи жабдықтар жиынтығымен жабдықтауды көздейді, оның ішінде халықаралық WorldSkills қозғалысының стандарттары да ескеріліп отыр.

«Talap» КЕАҚ-ның президенті Әбдіманап Бектұрғанов Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес «Жас маман» жобасын жүзеге асыру бойынша оператор болып «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бекітілгенін айтты.

«Talap» КЕАҚ-ы оператор ретінде «Жас маман» жобасына қатысатын колледждерді конкурстық іріктеу жұмыстарын ұйымдастырды. Конкурстық іріктеу жұмыстарының нәтижесінде «Жас маман» жобасына еліміздің әр аймағынан барлығы 180 колледж іріктеліп алынып, «Жас маман» жобасын жүзеге асыру бойынша құрылған республикалық комиссияның шешімімен бекітілді. Осы кезекте жабдықтарды алу рәсіміне қысқаша айтып өтсек, тізімге енген колледждер заманауи жабдықтарды алу үшін жұмыс берушілермен келісе отырып өз аймағында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін қажетті жабдықтардың тізімін құрайды, - деді ол.

Айтуынша, бұл жабдықтар құрамында кем дегенде 50% жұмыс берушілерден және кәсіпкерлерден тұратын аймақтық комиссияда қарастырылып бекітіледі.

Әр аймақ жабдықтар тізімін «Talap» КЕАҚ-ы жібереді. Біз оператор ретінде барлық жабдықтар тізімін «Атамекен» ҰКП және салалық жұмыс берушілердің ассоциациясына келісуге жолдаймыз. Аталған мекемелерден келісім алынғаннан кейін жабдықтар тізімі республикалық комиссия деңгейінде қарастырылып, бекітіледі. Бекітілген тізімге сәйкес колледждер белгіленген тәртіпте сатып алу жұмыстарын жүргізеді, - деп түсіндірді Әбдіманап Бектұрғанов.

2020 жылы елімізде 80 колледж заманауи жабдықтарды сатып алды, атап айтсақ, жеңіл өнеркәсіп, аспаз, машина жасау, автокөліктерді жөндеу, ауыл шаруашылығы, IT мамандықтары бойынша, сонымен қатар мехатроника сияқты жаңа салаға да жабдықтар сатып алынды.

Биыл да «Жас маман» жобасының шеңберінде жұмыстар жалғасып жатыр. Осы жылы 100 колледжді заманауи қондырғылармен жабдықтау бойынша жұмыстар атқарылды.

Қазіргі күні заманауи қондырғылармен жабдықталған колледждер өз базаларында құзыреттілік орталықтарын ашу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Жоба операторы ретінде «Talap» КЕАҚ-ы «Жас маман жобасы» шеңберінде жабдықталған колледждер базасында құзыреттілік орталықтарын ашуға әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Жас маман» жобасына қатысатын ТжКБ ұйымдарының базасында құзыреттілік орталықтарын құру бойынша әдістемелік ұсынымдар» әзірлеп, жобаға қатысушы колледж басшылары мен педагогтеріне арналған оқыту семинарларын өткізіп келеді, - деп атап өтті ол.

Әбдіманап Бектұрғановтың сөзінше, қазіргі таңда «Жас маман» жобасы шеңберінде жабдықталған колледж базасында 70 тен астам құзыреттілік орталығы жұмыс істеп келеді. Құзіреттілік орталықтарында WorldSkills өңірлік және ұлттық чемпионаттары, педагогтардың біліктілік арттыру курстары секілді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы шеңберінде заманауи қондырғылармен жабдықталған колледждер базасында құзыреттілік орталықтарын ашу бойынша жұмыстар өз жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы