Астанада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 2 300-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 27 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.
Елорда Полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара барысында полиция қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындардағы патрульдеу жұмыстарын күшейткен. Негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға және қылмыстардың жолын кесуге аударылған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2 300-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Қазақстан Республикасының аумағынан 27 шетел азаматы шығарылды, – делінген полиция хабарламасында.
Полиция өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтауға шақырды.
Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанатын негізгі бағыттардың бірі. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және заң талаптарын қатаң сақтайтын қоғам құруға бағытталған.