Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 7 мамыр – төл әскеріміздің құрылған күні. Бүгін Қазақстан Қарулы күштері дамыған мемлекеттермен терезесі тең, заманауи қару-жарақ және техникамен жарақтандырылған, кәсіби деңгейі жоғары, білікті мамандармен қамтылған, айбыны биік әскер құрды десек, әсте қателеспейміз. Төл әскеріміз – Тәуелсіздігіміздің жетістігі, тайға таңба басқандай темірқазығы. Еңселі егемендігіміздің 30 жылғы уақыты ішінде Қарулы Күштеріміз айбынымызды асырып, қарым-қабілетімізді әлемге паш етіп келеді. Ал мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығын сақтауда – Ұлттық ұланның атқарып келе жатқан міндеті зор. Бұл туралы бізге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев айтып берді.
-Генерал мырза, Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын Ұлттық ұланның атқаратын міндеттерінен бастасақ.
- Егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң, Президент Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері, бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. 29 жыл бойы ұландық әскери қызметшілер өздерінің елеулі еңбектерімен ұлттық қауіпсіздік жүйесінде өз орындарына сәйкес екенін дәлелдеуде. Осы жылдар ішінде құқықтық тәртіп әскері елмен бірге жасасып, дамып келеді. 2014 жылдың 21 сәуірі – тарихи маңызы бар кезең. Дәл сол күні елімізідің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен ІІМ Ішкі әскерлерінің заңды мұрагеріне «Ұлттық ұлан» мәртебесін берді. Ұлттық ұлан жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Ата заңда жазылған Отан алдындағы антқа адал. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін және қоғам құндылықтарын, территория тұтастығын, мемлекет мүддесін қорғауда қырағылықтың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Әскердің әлеуетін арттыру мақсатында Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 10 қаңтарында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң қабылданды. Онда әскерге жүктелген ескі функциялармен қатар, жаңа міндеттер де қосылды. Жалпы егемендік жылдары ішінде офицерлер корпусы, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызметтегі сарбаздар халықтың мүддесі үшін кез келген міндетті орындай алатынын дәлелдеді.
Ұлттық ұлан Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де қол сұғушылықтардан қорғауға арналған.
Қалыптасу, құрылу, даму кезеңінде біз ІІО-мен және елдің басқа да күштік құрылымдарымен бірлесіп, қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етіп келеміз.
- Генерал мырза, былтыр еліміз және барша әлем үшін ауыр әрі күрделі жыл болғаны сөзсіз. Ендігі кезекте сіздің жауынгерлеріңіз ерекше жағдайларда қалай қызмет атқарғаны туралы айтып өтсеңіз?
- Өткен жылдың баршамызға ауыр тигені аян. Сын сағатта әскеріміз де бір сәт тыным тапқан емес. Құқықтық тәртіп әскерлері елдің Орталық, Шығыс және Оңтүстік аймақтарында болған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Әскери қызметшілер Шығыс Қазақстан облысы Байдәулет орманшылығының аумағында ауданы 750 га орман өртіне қарсы күреске тартылды.
Түрлі төтенше жағдайларды жоюға барлығы 5 мыңнан астам әскери қызметші мен 516 бірлік техника жұмылдырылды. Біздің жауынгерлер боран мен көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдарға көмекке келді. Қар құрсауынан 326 адам мен 112 бірлік техника эвакуациялады.
Өткен жылы біздің бөлімшелеріміз Жамбыл облысындағы Қордай ауданындағы оқиғаларды оқшаулауға қатысты. Бұдан бөлек алғашқылардың бірі болып Түркістан облысының Мақтаарал ауданына келіп, су тасқынынан зардап шеккен халықтың мүлкін тасымалдау бойынша апаттық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды.
Бұдан бөлек, біздің РХБЗ бөлімшелері карантиндік іс-шаралар кезінде еліміздің тоғыз елді мекенінің аумағындағы тұрғын үй алқаптарын, саябақтарды, балалар алаңдарын, жалпы ауданы 900 мың шаршы метрден асатын аумақты залалсыздандырды.
Өкінішке қарай, пандемиямен күрес кезінде біз үш бірдей әскери қызметшімізден айрылып қалдық. Олардың ел үшін еткен ерен еңбектері ескерусіз қалмады. Үшеуі де қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік марапаттармен наградталды. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары болған генерал-майор Мұхаметқали Сатов, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5510 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы медицина қызметінің майоры Маратхан Ардан, 28237 әскери бөлімінің медициналық қызмет бастығы капитан Бегалидин Алашбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұландағы қызмет бүгінде патриотизм мен ерліктің нағыз мектебіне айналғанын атап өтті.
- Біздің ұлы ата-бабаларымыз көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын үлкен аумақты қалдырды. Ойлап көріңіздерші, олардың рухы қандай еді?.. Тарихымыздың ең күрделі кезеңінде ел басқаруды қолына алған біздің қазіргі мемлекетіміздің негізін қалаушы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген сөздері тарихымызды айшықтауда. Біз қандай да бір қиындықтарға немесе «соққыларға» қарамастан, аумақтық тұтастығымызды сақтауға міндеттіміз. Біздің мемлекет – Қазақстан халқының тірегі. Өйткені, біздің жеріміз бауырластық пен достықта тұратын көптеген этностар мен ұлттардың өкілдерін біріктіреді. Баршамыздың ортақ үйіміз – Тәуелсіз Қазақстан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскердің елордалық құрамасына барған алғаш сапарында Ұлттық ұланды нағыз ерлік пен патриотизм мектебі деп атады. Шындығында, бүгінгі біздің қызметті солай деп айтуға негіз бар. Қазіргі уақытта жауынгерлеріміз тәулік бойы, жыл он екі ай үздіксіз қызмет атқару үстінде.
Біз жақында азаматтардың арасында құқықтық тәртіп әскерлеріне деген сенім туралы сауалнама жүргізгенбіз. Нәтижесі қоғамдық тәртіпті сақтауға, пенитенциарлық жүйенің стратегиялық объектілері мен мекемелерін аптап ыстықта және қатты аязда күзету қызметін атқаратын 19 жастағы балаларға деген құрметтің жоғары деңгейін анықтады. Кейде Ұлттық ұланның жауынгері заңға бағынатын азаматты қылмыскерден бөлетін соңғы бекет болады. Отан қорғаушысы мейрамында барлық ардагерлерімізді, генералдарды, офицерлерді, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгері атына лайықты болып жүрген мерзімді қызметтегі сарбаздардың ата-аналарын құттықтағым келеді. Командирлер өз өмірлерінің көп уақытын сарбазға бөледі. Кейде өз махаббатын, уақытын туған балалары мен отбасына барынша жеткізе алмайды. Бірақ біздің өмір салтымыз балаларымызға үлгі болады.
- Біз жақында Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуын атап өттік. Даңқты қолбасшы «Командир – шығармашылық тұлға» деп жазған болатын. Осы туралы айтып өтсеңіз.
- Екі жыл бұрын Ұлттық ұлан бөлімшелерінде біртуар перзентіміздің туғанына 108 жыл толуына орай челлендж іске қосылды. Оның қатысушыларына Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін жатқа оқу ұсынылды, интернетте бейнероликтер пайда болды, онда жауынгерлер «Комбат» дәйексөздерімен жауынгерлік даярлықта дағдыларын көрсетті. Біздің Әскери институттың бағдарламасында Бауыржантану бөлімі бар. Оқу орнының әр түлегі өзінің офицерлік сөмкесінде батыр бабамыздың кітаптарын алып жүреді.
Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабы әр патриоттың үстел кітабы болуы керек. Бауыржан Момышұлының еңбектері - «командирдің күнделігі», «Соғыс психологиясы» - әр офицердің үстел үсті кітаптарына айналды. Біз оның шығармалары бойынша дәрістер оқимыз, сабақтар мен конференциялар өткіземіз. Офицердің дүниетанымы жоғары оқу орнының қабырғасында жатыр. Біз жастардың санасына салған дән өмір бойы өсіп, жеміс береді. Сондықтан біз жас ұрпақты дайындауға және толықтыруға көп көңіл бөлеміз.
Бауыржан Момышұлы батыл жауынгер, шебер және ойшыл командир болған, сонымен бірге ол үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, көргендерін талдап, зерделеп, қорытынды жасап, ойларын тұжырымдады. Өмірде әскери қызмет өткерумен кездеспегендердің арасында командир бұйрық береді және бәрі оны орындауға жүгіреді деген пікір бар. Әскери қызметтің өмір салты Жарғының параграфтарымен және әскери бөлімнің қоршауымен шектеледі. Бұл терең қате түсінік. Командир – шығармашылық адам. Ол жеке құраммен жұмыс жасайды. Оны зерделеу, оқыту, жауынгерлік және қызметтік даярлықты, жауынгерлік қызметті ұйымдастыру, тұрмыстық мәселелер, өзара іс-қимылды ұйымдастыру командирге жүктелген.
- Бауыржан Момышұлы сонымен қатар нағыз жауынгерді тәрбиелеуде дәстүрлер мен тәртіп үлкен рөл атқаратынын үйретті.
- Армия әскери дәстүрлерден тұрады. Бауыржан Момышұлы асыл тәрбие алған адам жауынгерлік қасиеттердің негізін – адалдықты, тәртіпті игереді деп сенді. Сондықтан жеке құрамды оқыту барысында ол қазақ халқының өткенінен жеткен барлық жақсылықтарды, халық даналығының алтын қазынасын кеңінен пайдаланды. Ол айтқандай, жастарды асыл дәстүрлерге тәрбиелеу керек, өйткені дәстүр – бұл өткеннің өлі жәдігері емес, қазіргі және болашақ ұлы шайқастар үшін бұрын жасалған және қайралған күшті қару.
Әлемнің әр армиясының өз дәстүрлері бар, біз Кеңес армиясында жарғылардан бастап офицерлік жиналыстарды жүргізуге дейінгі үлкен қабатты сақтап, оларды дамытамыз. Уақыт өте келе біздің дәстүрлеріміз пайда болды. Мысалы, халықпен жұмыс. Бұл тұрғыда әскерімізде игі дәстүрлер қалыптасқан. Біз жауынгерлік қызметтің озық үлгілерін, ұрпақтар сабақтастығын, Отанға деген қалтқысыз қызметтің сүйіспеншілігін өнер арқылы жеткіземіз. Халық пен әскер арасындағы бұл алтын көпірді бізде Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің өнерпаздары жалғайды. Шығармашылық ұжым тек елордалық гарнизонда ғана өнер көрсетпейді. Пандемияға дейін біз өткен жылдары барша Қазақстан бойынша 80-ге дейін концерт беріп, алыс ауылдарда өнер көрсеттік.
Жеке құрамды тәрбиелеу – өте күрделі міндет. Жас жігіт әскерде үлкен өмір мектебінен өтеді. Командирлер мен тәлімгерлерден тәрбие алады. Бірақ тәрбиенің негізі, өмірлік ұстанымдары отбасында және қоғамда, қоршаған ортада қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Бір жыл ішінде әскерге шақырылушыға жауынгерге тән қасиеттерді, яғни, ерік-жігерді үйретуге, әскери-қолданбалы дағдыларды үйретуге міндеттіміз.
Біздің сарбаздар, келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер мен офицерлер жоғары рухқа ие деп сенімді түрде айта аламыз. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау сапасын талдау бізге осылай айтуға мүмкіндік береді. Жаңа әдістер, ерекше тәсілдер пайда болуда. Бірақ біз бір орында тұрмаймыз. Мұнда психологтардың, білім беру аппаратының рөлі зор.
- Әскерлердің жеке құрамы көп ұлтты, мұны қала көшелерінде кездесетін патрульдік жасақтардан көруге болады.
- Бұл да халқымыздың патриотизмі мен толеранттылығы. Естеріңізде болса, Бауыржан Момышұлы дивизияны көпұлтты жеке құраммен басқарғанын жазған. Жауынгер-украиндықтар оны «батько», ал қазақтар - «ақсақал» деп атаған, бұл ретте олардың көбі онымен бір жаста болған. Біздің бөлімшелеріміздің құрамында Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностардың өкілдері қызмет етеді. Әскер қолбасшылығында, Бас қолбасшылық басқармаларында, барлық өңірлік қолбасшылықтардағы жауапты лауазымдарда генералдар арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Бұл да ұлтаралық қатынастардың жарқын мысалы.
Біз Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, ҚХР-ның барлық ұқсас бөлімшелерімен дос болып отырмыз. Әсіресе, түрік әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Түркияда жастар оқиды. Біздің әскери қызметшілер олардан дайындық пен қайта даярлаудан өтеді.
Біз үшін, аға буын үшін лайықты ауысымды дайындау өте маңызды. Сондықтан Ұлттық ұланның жас офицерлер корпусының кәсіби әлеуеті мен сапасы жақсы даму жолында деп мақтанышпен айта аламыз. Офицердің туабітті қасиеттері қызметтік талаптарға қайшы келмеуін болдырмау үшін біз кадрларды кім не істей алатындығын, кімді және қайда қолдануға болатындығын анықтау үшін мұқият зерттейміз және бірнеше жыл бұрын командаға кім келетінін және аналитикалық жұмысқа кім бейім екенін білеміз.
Ұлттық ұлан қатарында Халық Қаһарманы полковник Қайрат Үмбетов қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз, бүгін ол «Батыс» өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы. Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбазды жарылған гранатадан құтқарғанын ел тұрғындары жақсы біледі. ІІІ - дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Жандос Баянбаевтың ерлігін жауынгерлер мақтан тұтады. Осындай орденнің иегері Ербол Отарбаев ерлігінің шынайы жолымен «Алтыншы бекет» көркем фильмі түсірілген. Ақтөбеде қылмыскерлермен ұрыс кезінде жараланған сарбаздар бүгін келісімшарт бойынша қызмет етеді, біреуі офицер болды. Әскерде қаза тапқан әскери жолдастардың отбасыларына қолдау көрсетеді. Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбаздың ерлігі ұмытылмайды. Жауынгерлер ерліктерінің шынайы оқиға желісімен жарық көрген «Қазбат» фильмі осы тақырыптағы ең жақсы картиналардың бірі. Қарап отырсаңыз, жас ұрпақ ел қорғаған батырлар, соғыс майдангерлері және бейтіт күннің батырлары ерліктері үлгісінде тәрбиелену үстінде. Бәсекеге қабілетті, кәсіби даярланған, елінің жалынды Отан қорғаушыларын әзірлеу – біздің асыл парызымыз!
- Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!