Ұлттық санақ: Халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік

12 Қараша 2021, 16:45
1613
Бөлісу:
Ұлттық санақ: Халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде 1 қарашада Халық санағының негізгі кезеңі аяқталды. Оған қоса іс-шара аяқталған соң «нақты» және «тұрғылықты» халық саны бойынша тағы ақпарат алынады екен. Бұл санаттар нені білдіреді және санақ халықтың әлеуметтік жағдайын қаншалықты өзгерте алатыны жөнінде Ұлттық статистика және экономика, әлеуметтану салаларының мамандары айтып берді.

Белгілі ғалым, экономист Жақсыбек Құлекеев «статистика» деген сөз «мемлекетті басқару» дегенді білдіреді дейді. Яғни, «мемлекет» және «статистика» деген ұғымдар қатар жүреді. Сондай-ақ қазіргі Ұлттық санақ 1999, 2009 жылдардағы статистикамен салыстыруға келмейтінін айтады.

Бұл егемендігімізді алғаннан кейінгі ауқымды үшінші санақ - дүиежүзілік тәжірибелерге, жаңа ақпараттық технологияларға сүйенген, бұрынғы санақтарға еш ұқсамайтын іс-шара. 1999 жылы алғаш рет өзіміздің қаражатымызға санақ жүргізгендіктен, ол «Ұлттық» деген статусқа ие болды. Сол кезде санақтың құқықтық-нормативтік документтерін де өзіміз жасадық. Сондай-ақ қысқа мерзімде, яғни 10 күн ішінде жүргізетінбіз. Себебі барлығы қағазға жазылатындықтан, адамдардың қайтадан есепке түсіп қалу қаупі болды. Ал қазір совет өкіметі кезінде қолданылған бір де бір құжат, анықтама, құқықтық-документ пайдаға аспады. Себебі ақпараттық технология дамыған заманда қағазбастылықтан арылып, sanaq.gov.kz онлайн платформасы және арнайы планшеттер арқылы жүзеге асырылуда, - дейді экономист.

Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, санақ ішінде пандемияға байланысты сұрақтар да болған. Біреулер айтып ауырса, ал біреулер жасырын емделген. Кімнің COVID-19-бен ауырғандығы жөнінде нақты ақпарат осы сауалнама кезінде белгілі болғанға ұқсайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 1 қарашадағы санақтың қорытындысы 19 450 179 адамды немесе 102,2% құраған. Ал 1 тамыздағы жағдай бойынша халық саны 19 029 507-ні қамтыған.

Халықты толық есепке алуды және 2021 жылғы халық санағын жүргізу кезінде деректер сапасының анықтығын тексеруді қамтамасыз ету барысында бақылау іс-шаралары жүргізіледі. Бақылау функциясы әрбір тұрғын үйге интервьюер барғанына және санақ парақтарының барлық тұратын респонденттерге толтырылғанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Халық санағы аяқталғаннан кейін нұсқаушы-бақылаушылар интервьюерлермен бірге 7 күн ішінде әрбір есеп учаскесіндегі тұрғын жайлардың 10% қамти отырып, респонденттерді бақылап, аралау жұмыстарын жүргізеді, - дейді Ұлттық санақтың ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы.

Ал Ұлттық статистика бюро басшысы Нұрболат Айдапкелов шара аясында елімізде тұрақты тұрып жатқандардан өзге 12 айдан аса уақытқа шетелге іссапармен шыққандар, келісімшарт негізінде бір жылдан кем уақытқа басқа елге кеткен отандастарымыз, өзге мемлекетте «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттер, уақытша шетелге шыққан туристер, 12 айдан аз елімізде жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар санақтан өтіп жатыр дейді.

«Нақты халық» дегеніміз - санақ өткізу кезіндегі белгілі бір елді мекендегі адамдардың санын білдіреді. Бұл санатқа тұрғылықты тұрғындармен қатар уақытша келгендер мен резидент емес тұлғалар жатқызылады. Яғни, мұнда елді мекенге қонаққа, демалуға, жұмыс бабымен, сондай-ақ елде уақытша жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар қамтылады. Ал «Тұрғылықты халық» деп отырғанымыз - елді мекенде тұрақты тұрып жүргендермен қатар уақытша басқа жаққа шығып кеткен азаматтар. Олардың қатарына басқа елді мекенге немесе шетелге туыстарына, еңбек демалысына, жұмыс бабымен немесе басқа да себептермен уақытша кеткендер кіреді, - дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы.

Интервьюерлер үйлерді аралау кезінде айтарлықтай проблемалардың болмағанын, десе де кейбір тұрғындар есіктерін ашпай қойғандығы немесе онлайн санақтан өткендігі жөнінде хабарландыруды көрсетуден бас тартуы сынды қиыншылықтар кездескенін айтты.

ТМД мемлекетаралық статистикалық комитетінің төрағасы Владимир Соколин «Халық санағы-2021» аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Қазақстанға сапармен келгенде бұндай жағдайлардың орын алуы таңғаларлық жайт емес екендігін жеткізді.

Бұл тәжірибе халық санағын жүргізетін барлық елдерде кездеседі. Менің ойымша, бұл жерде интервьюердің табандылығы маңызды. Ал азаматтар шараның толық жауапкершілігі мен маңыздылығын түсінуі керек. Ақпараттық жүйе қаншалықты дамығанымен, халық санағы кезінде алынған аналитиканың баламасы жоқ, - деді В. Соколин.

Владимир Соколин «Керуен сити» сауда ойын-сауық орталығында орналасқан «санақ бұрыштарының» бірінде болды. Мұндай бөлімдер еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында, «Қазпошта» филиалдары мен ірі сауда ойын-сауық орталықтарында ашық. Қазір Қазақстанда 3 мыңнан астам халық санағы бұрыштары бар, онда азаматтар кеңесшілердің көмегімен онлайн санақ жүргізе алады.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова Ұлттық санақ нәтижесіндегі мәселелер біздің қоғамның әлеуметтік портретін қалыптастырады дейді.              

Халықтың тұрғын үй жағдайы, отбасылық құрамы, этностық сипаты, ұлты, діні, тіл білуі, білім деңгейі, көші-қон, болашақта көшу жоспары, неке туралы мәліметтер, жұмыспен қамтылу деңгейі, табыс көздері, денсаулығы, тұрмыста айрықша күтімді қажет ететіндігі секілді маңызды әлеуметтік көрсеткіштерді анықтауға болады. Ал бұл өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат бізге құнды мәлімет береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік туады. Әлеуметтік жағдайды сандық тұрғыда өлшейтін болсақ, біз азаматтардың табыс көлемін де білгіміз келеді. Мұндай мәселе өзге елдерде де кездеседі. Алайда, халықтың көпшілігі табысы туралы сауалдан жалтарып, жауап бергісі келмейді. Бұл сұраққа жауап алу ықтималдылығы төмен не шынайы болмауына байланысты бізде бұл сауал қойылмайды. Сол себепті халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын сандық тұрғыда бағалау өте қиын, – деді әлеуметтанушы.

Еске салсақ, санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, нақтылау шаралары ары қарай жалғасатындақтан, онлайн өту мүмкіндігі 8 қарашаға дейін қолжетімді болады. Санақ сауалдарына арнайы sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталы немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады.


Өзгелердің жаңалығы