Депутат: Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк цифрлық валютаны енгізу тұжырымдамасын әзірлеуі қажет

12 Мамыр 2021, 14:42
1249
Бөлісу:
Депутат: Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк цифрлық валютаны енгізу тұжырымдамасын әзірлеуі қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Тілектеc Адамбеков өзінің депутаттық сауалында айтты.

Көп елдердің орталық банктері қаржы технологияларының перспективалық бағыттарының бірі ретінде Орталық банктің ұлттық цифрлық валютасын айналымға шығару және реттеу мәселесін белсенді шешіп келеді, - деді депутат.

Мысалы, Канада, Ұлыбритания, Швеция, Қытай, Израиль Орталық банктері цифрлық валюталарын құру мүмкіндігін зерттеуге кірісті.

Депутаттың айтуынша, Қытай өткен 2020 жылы цифрлық юаньмен тәжірибе жүргізе бастады. Осы жылдың сәуір айында цифрлық юаньмен алғаш рет әуе билеті алынды, ал 2022 жылы валюта қоғамдық айналымға шығады.

Жапонияның Ұлттық банкі де өзінің цифрлық валютасын енгізу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. 2022 жылы Ресей банкі цифрлық рубльді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр, - дейді ол.

Сонымен қатар, Еуропалық орталық банк алдағы жылдары цифрлық еуроны шығаруды көздеп отыр.

Адамбековтің сөзінше, Ұлттық цифрлық валюталарды енгізудің басты мақсаты – технологиялық тұрғыдан неғұрлым қолжетімді ішкі өзара есеп алмасуды, сондай-ақ трансшекаралық төлемдерді қамтамасыз ететін жылдам және заңды төлем құралын құру.

Сонымен бірге, мемлекеттік цифрлық валютаның криптовалютадан ерекшелігі, орталық банкі тарапынан эмиссиясы қадағаланатын қамтамасыз етілген цифрлық актив болуы керек. Әлемдік тенденцияларға назар аударып, Үкімет жаңа қаржы құралын цифрлық валютаның, Ұлттық банктің цифрлық валютасын зерттеуге және іске асыруға нақты қадамдар жасауы қажет деп санаймын, - деп атап өтті депутат.

Оның сөзінше, Ұлттық банктiң цифрлық валютасын сәтті енгiзу Қазақстан экономикасына бірнеше мүмкіндікті алып келеді.

1. Ұлттық банк тарапынан ақша-несие саясатын неғұрлым ашық әрі тиімді бақылау және айналымдағы қолма-қол ақшаның үлесін оңтайландырады;

2. Смарт-келісімшарттарды енгізуге, мәмілелер мен сауда операцияларына қатысушылар үшін фискалдық органдарға, зейнетақы қорларына, әлеуметтік қорғау органдары үшін төлем операциялары мен қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл мемлекеттік сатып алу, әлеуметтік төлемдер, субсидиялар шеңберінде бөлінетін бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етеді;

3. Ағындардың ашықтығын, сондай-ақ цифрлық активтердің иелерін, жүзеге асырылатын төлемдердің мақсатын нақты анықтау мүмкіндігіне байланысты, цифрлық валютаны енгізу көлеңкелі экономиканы жоюға ықпал етеді;

4. Цифрлық активтерді иелену фактісінің өзгермейтіндігі мен анықтығының арқасында екінші деңгейдегі банктердің клиенттері цифрлық валютаны теңгеге және керісінше аударып қана қоймай, сонымен қатар жеке банктің ықтимал дефолтынан қорғалатын болады;

5. Бизнес өкілдері үшін блокчейн технологиясының базасында жаңа цифрлық өнімдерді, тауарлар мен қызметтер нарығында қаржы құралдарын, бәсекеге қабілетті маркетплейстерді, инвестициялық алаңдарды, секьюритизацияландыруды құру мүмкіндіктері пайда болады.

Мәжіліс депутаты Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк әлемдік тәжірибе мен тенденцияны ескере отырып, қазақстандық цифрлық валютаны енгізу тұжырымдамасын әзірлеуі қажет деп есептейтінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы