Астанада футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының С лигасындағы үшінші кездесуін өткізді. «Астана-Аренада» өткен ойында ұлттық құрама Молдоваға 1:2 есебімен есе жіберді. Матчтағы ең жарқын сәттер мен стадиондағы атмосфераны BAQ.KZ тілшісі ұсынған фоторепортаждан көре аласыздар.
Қазақстан құрамасы алғашқы екі ойында Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түсіп, Словакиядан 1:2 есебімен жеңілген еді.
Молдоваға қарсы кездесуде есепті қонақтар 45+1-минутта Ники Клещенконың голымен ашты. Екінші таймның басында, 50-минутта Петру Попеску есеп айырмасын ұлғайтты. Қазақстан сапынан Нұралы Әліп 64-минутта бір голдың қарымтасын қайтарды. Алайда қалған уақытта есеп өзгермей, Молдова 2:1 есебімен жеңіске жетті. «Астана-Аренадағы» кездесуді 20 119 көрермен тамашалады.
Осылайша С лигасының 3-тобында үш ойыннан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде бір ұпай қалды.
Джон Ван ’т Шкип: «Өзіміз қалаған ойынды көрсете алмадық»
Матчтан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон Ван ’т Шкип ойын нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты.
Бірінші таймды сәтсіз бастадық, келісілген тактикалық құрылымды ұстана алмадық. Бұл допты жоғалтқан сәтте қысым жасауды қиындатып жіберді. Ол ойыншыны тоқтатып, соққы жасауға мүлдем мүмкіндік бермеу керек еді, – деді бас бапкер.
Оның айтуынша, үзілістен кейін команда алғашқы таймға қарағанда белсендірек ойнаған.
Алғашқы кезеңде жетіспеген белсенділікті үзілістен кейін көрсеттік, қысымды күшейттік. Қарсыластың да қарымта шабуылдары өткір болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ бұл ойында өте маңызды ұпай жоғалтып алдық, – деді Джон Ван ’т Шкип.
Спорт журналисті: «Тактикалық схемаға әлі дайын емес сияқты»
Матчтан кейін BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірген спорт журналисті Елдар Аманбаев Қазақстан құрамасының ойынына баға берді.
Өте әлсіз ойын көрсеттік. Меніңше, біздің футболшылар әлі осы тактикалық схемаға, Ван ’т Шкип ұсынып отырған футболға дайын емес сияқты, – деді Елдар Аманбаев.
Журналист ұлттық құраманың соңғы күндердегі ойын кестесіне де назар аударды. Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде бірнеше матч өткізу футболшыларға физикалық тұрғыдан салмақ түсірген болуы мүмкін.
Соңғы он күнде үш ойын ойнадық. Бұл біздің футболшыларға физикалық тұрғыдан өте қиын. Соңғы минуттарда Нұралы Әліптің, Димаш Қараманның орнынан тұра алмай, шабуылға бармағаны да осы жағдайды түсіндіреді, – деді ол.
Сонымен қатар Елдар Аманбаев алдыңғы кездесулермен салыстырғанда команданың ойынында белгілі бір өзгеріс болғанын атап өтті.
Бірінші ойында тең есеп болды. Елу де елу деп айттық барлығымыз. Екінші ойын бізге ұнады. Маған жеке өзіме ұнады, өйткені структура көрінді. Бапкердің қандай футбол ойнағысы келетінін түсіндік, көрдік. Словакияға қарсы 2:1 есебі қалыпты нәтиже еді, – деді спорт журналисті.
«Мүмкіндік әлі бар»
Елдар Аманбаевтың пікірінше, Молдоваға өз алаңында жеңілу Қазақстан құрамасы үшін ауыр нәтиже болғанымен, топтағы жағдай әлі өзгеруі мүмкін.
Бүгін өз алаңымызда ұтылғанымыз барлығымызға өте ауыр тиді. Кез келген уақытта оятып алып ойнатса да, Молдова құрамасынан бәрібір ұтылмауымыз керек еді, – деп атап өтті ол.
Спорт журналисті алдағы ойындарда құрамға жарақаттан немесе басқа себептермен қатыспаған футболшылардың қосылуы команданың мүмкіндігін арттыруы мүмкін екенін айтты.
Енді бір ойын осы құраммен өткіземіз. Шыдау керек. Фарер аралдарынан ұтылуға болмайды. Мақсат – үшінші немесе төртінші орын емес, екінші орынға таласып, келесі жылы В лигасында ойнауға мүмкіндік алу. Әлі мүмкіндік бар, – деді Елдар Аманбаев.
Оның айтуынша, алдағы үш кездесудің нәтижесі Қазақстан құрамасының топтағы жағдайына тікелей әсер етеді.
Алда үш ойын бар. Сол үш ойынның кемінде екеуінде жеңіске жетіп, Словакиямен өз алаңымызда тең ойнасақ, екінші орынға шығуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Қарашада өтетін ойындарға Максим Самородов, Дастан Сатпаев, Ислам Чесноковтар дайын болса, құрам толық жинақталса, алты ұпай алуға мүмкіндік бар, – деп қортындылады.
Келесі қарсылас – Фарер аралдары
Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасындағы келесі кездесуін 6 қазанда өткізеді. Ұлттық құрама өз алаңында Фарер аралдарын қабылдайды. 6 қазандағы ойын «Астана-Аренада» өтеді.