Ұлт болып ұйысып, егемен елімізді бірге өркендетейік - Жандос Әубәкір

12 Қаңтар 2022, 13:57
2790
Бөлісу:
Ұлт болып ұйысып, егемен елімізді бірге өркендетейік - Жандос Әубәкір

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кемел басшының қасына ұлт болып ұйысып, егемен елімізді бірге өркендете берейік. Мұндай пікірді «Абай академиясы» ҒЗО директоры, ф.ғ.к., доцент, «Құрмет» орденінің иегері Жандос Әубәкір білдірді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін барша қазақстандықтар ерекше мән беріп, маңызына үңіліп, терең толғаныспен қабылдады. Шындығында да Президентіміз  «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі», - деп атағанындай, жаңа барыс жылының қаңтар айының алғашқы күндері елімізде бұрын-соңды болмаған, аса күрделі кезеңнен үлкен сабақ алдық. Тәуелсіздіктің кепілі – қоғамның тұтастығы мен халқымыздың береке-бірлігі екендігі тағы да айқындала түсті. «Ел бұзылса, құрады шайтан өрнек, періште төменшектеп қайғы жемек» - деп, Абай данышпан айтқандай,  ел тыныштығына түскен үлкен сынақтан Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың батыл шешімі мен темірдей тәртібі арқасында өте білдік, - деді Жандос Әубәкір.

Ол өткеннен сабақ ала отырып, алдағы кезеңде басты назарды қайда аудару керектігін Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысында нақты жіктеп айтып бергеніне тоқталды.

Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қарқынды дамыту жолдары, мемлекеттік және жалпы саяси ұстаным, өзге де басымдықтар туралы ойлары мемлекетіміздің жаңа даму кезеңіне өткендігінің айқын көрінісі. Әр сала бойынша нақтыланған тапсырмалардың алдағы таңда нәтиже береріне де кәміл сенеміз. «Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет», – дегеніндей, ел тәуелсіздігі үшін алдымен өз бірлігіміз керек. Бірлік пен достық, татулық пен сыйластық, өзге адами құндылақтарды біз, әрине, Абай сөздері арқылы кеңінен насихаттай беруіміз керек, - деп түсіндірді ол.

Жандос Әубәкір атағандай, Абай мұрасы – қашан да бізге асыл темірқазық:  «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», яки болмаса,  «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп гуманистік ойлармен әлемді мойындатқан Абай ұлылығы жөнінде Президентіміз «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді», – деген болатын.

Ендеше Абай мұрасына адал, ұлтын сүйген, елінің қамқоры, жерінің қорғаны болған, мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген Президентімізді біз де халық болып қолдап, жұдырықтай жұмылып, баршамыз ұлт мұратына қызмет ете берейік. Тағы да Абай Хакім айтады емес пе: «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел», - деп. Ендеше кемел басшының қасына ұлт болып ұйысып, егемен елімізді бірге өркендете берейік! – деп сөзін толықтырды Жандос Әубәкір.

Өзгелердің жаңалығы