«Үлкен дауға айналу қаупі бар». Депутат егістік жерлерді бөлуге қатысты мәселені көтерді

30 Наурыз 2022, 12:00
2386
Бөлісу:
«Үлкен дауға айналу қаупі бар». Депутат егістік жерлерді бөлуге қатысты мәселені көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Берік Оспанов Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Депутат ауыл шаруашылығы саласындағы егістік жерлерді бөлуге қатысты мәселені көтерді.

Ол депутаттар өңірлерге іс-сапар барысында халықпен, ауыл шаруашылығы саласындағы кісіпкерлермен кездесіп, бірқатар ұсыныс мен талап тілегін тыңдағанын айтты. Сөзінше, кездесу барысында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласында кемшіліктер жетерлік. Солардың ішіндегі ең өзекті мәселенің бірі – жер салығының мөлшері.

Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала статусын берер алдында қаланың бас жоспары бірнеше рет қаралып, өзгерген болатын. Бас жоспар жасалған кезде Түркістан облысының Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарының біршама ауыл шаруашылығы жерлері Шымкент қаласының аумағына өткен. Бірақ, өкінішке қарай, бұл өзгерістер шаруа қожалықтарына салық бойынша үлкен ауыртпалық тудырды. Қазіргі таңда шаруалар егістік жердің салығын гектарына емес, шаршы метіріне төлеп отыр. Нәтижесінде егістік жерге миллиардтаған салық есептеліп отыр, мұның барлығы өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының ақсап жатқандығының бірден-бір себебіне айналып отыр, - деп айтты депутат Берік Оспанов.

Мысалы, осындай зардап шегіп отырған шаруа қожалықтарының бірі 2014 жылы Шымкент қаласының аумағына өткен, Абай ауданы қарасты Ақтас тұрғын алабындағы «АГРО сервис - БМБ» өндірістік кооперативі.

Салық кодексінің 505-бабына сәйкес Шымкент қаласы бойынша елді мекендердің жеріне арналған базалық салықтық мөлшерлемелер алаңның бір шаршы метріне есептегенде 9,17 теңге мөлшерінде белгіленген.

Бұл кооперативте 3 000 га-ға жуық тәлім жерлері бар және кооперативтің осы жерге жылына шамамен салық мөлшері – 275 100 000 теңгені құрайды. Ал 3 жылға төлейтін болса 825 300 000 теңгені құрап отыр. Бірақ бұл кооперативтің жылдық табысы салық сомасынан 2 есе аз болып келеді, сонымен қатар соңғы 5 жылдан бері құрғақшылық болуына байланысты шығыны өзін өзі жаппай қалуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер комитеті аталған кооперативтің 2019, 2020, 2021 жылдарға салық төлемегені үшін жеке есеп шоттарын бұғаттап тастаған, - дейді ол.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер көлемі 62 600 га құрап отыр және 5 000-ға жуық шаруа қожалықтары тіркелген. Өкінішке қарай, барлық шаруа қожалығында осы сипатта қиындықтар туындауда және алдағы уақытта бұл жағдай үлкен дауға айналу қаупі бар.

Сонымен қатар өздеріңіз білетіндей, осы жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында – еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы үшін қосымша Абай, Ұлытау, облыстары құрылатыны және Алматы облысын екіге бөле отыра Алматы және Жетісу облыстары құрылатыны және жаңа облыстар орталықтары Семей, Жезқазған, Қапшағай, Талдықорған қалалары болатыны жөнінде атап өткен болатын. Осыған орай, құрметті Роман Васильевич аталған мәселені шешу бойынша қала аумағына өткен елді мекендердегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге арналған жаңадан базалық салықтық мөлшерлемелер анықтау және салықтық мөлшерлемелерді бір шаршы метріне емес, гектарына есептеу қажет деп санаймыз, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Айтуынша, егер Үкімет шұғыл түрде нақты шаралар қабылдамаса Шымкент қаласының шаруа қожалықтарындағы салыққа қатысты болып отырған қиыншылықтары жаңадан құрылатын облыс орталықтарында қайталануы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы