Ұландықтар Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады

3 Қыркүйек 2023, 12:37
666
Бөлісу:
Ұландықтар Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады
Фото: gov.kz

Елордада Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының әскери қызметшілері Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын тікелей эфир арқылы тамашалап, өзара талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара акт залында өткізіліп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі үлкен экранда көрсетілді.

Ұландықтар Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады

Ел Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту қажеттігін жеткізді.

Оның пікірінше, қару-жарақ пен әскери техниканың импорттық жеткізілімдеріне тәуелділікті азайту үшін локализацияның жоғары үлесі бар өндіріс циклін құру маңызды міндет болып отыр.

Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек.

Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жалғастырған жөн.

Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетіледі, деп атап өтті Президент.

Жолдау бойынша Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов жалпылама түсінік берді.

Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген ел дамуының негізгі бағыттарын баяндай отырып, генерал-майор Қайрат Үмбетов Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан саясатының маңыздылығын атап өтті.

Президенттің Жолдауы әділ Қазақстанды құруға бағытталған. Алайда, бұл үшін тек саяси және экономикалық реформалар жеткіліксіз. Ең алдымен, азаматтардың қоғамдық санасы мен ұмтылысын өзгерту қажет, – деп түйіндеді сөзін құқықтық тәртіп әскерлерінің бас тәрбиешісі Қайрат Үмбетов.

Елімізде конституциялық және қоғамдық тәртіп үстемдік құрған. Оның сақталуы мен қазақстандықтардың бейбіт ғұмыр кешуіне ұландық жауынгерлер тікелей атсалысады.

Өзгелердің жаңалығы