Үкіметтің жаңа басшысы Әлихан Смайылов туралы не білеміз?

11 Қаңтар 2022, 13:41
4042
Бөлісу:
Үкіметтің жаңа басшысы Әлихан Смайылов туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің отырысында Президент Үкімет басшылығына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынып, депутаттар оны қолдады. Осылайша, Премьер-министр лауазымына Әлихан Смайылов бекітілді. Премьер-министр қызметіне дейін де бірқатар мемлекеттік қызметте басшылықта болған Әлихан Асханұлы туралы бүгінге дейін не белгілі екенін саралап көрейік. 

Әлихан Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әлихан Смайыловтың еңбек жолы туралы Премьер-министрдің ресми сайты жариялаған мәліметпен бөліссек. 

1996 жылы — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

1999–2003 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2003–2006 жылдары — ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

2006–2009 жылдары — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті.

2009–2014 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2014–2015 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.

2015–2018 жылдары — ҚР Президентінің көмекшісі.

2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі.

2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-министрдің Бірінші Орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды.  2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.

2022 жылғы 11 қаңтарда, яғни бүгін  ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-министрі лауазымына тағайындалды.

Әлихан Смайылов үйленген, бес баласы бар.

Әлихан Смайыловтың жеке сұхбаттармен БАҚ-қа шыға бермейтінін айтуға болады. Осыған дейінгі жеке сұхбаттар 2013,2014 жылдары болған. Соңғы сұхбаты 2019 жылы жарияланған екен. 

2019 жылы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі қызметін атқарып жүрген кезде Әлихан Смайылов  Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында өмірі, жұмысы туралы көпке беймәлім ақпарат туралы бөліскен еді. 

Сол кездің өзінде ол әлеуметтік желілерге уақыт жоқ екенін айтқан. 

Бірақ Мемлекет басшысы шенеуніктер барынша ашық болып, әлеуметтік желілерде аккаунттар ашуы керегін айтты. Жақында оны ашуға тырысатын шығармын. Рас, менің әлеуметтік желіде тәжірибем жоқ. Бірақ бұл көп уақытты қажет ететінін білемін. Уақыт әдеттегідей жетпейді. Қазір бюджеттік процесс жүріп жатыр, басқасын жасау қиын. Әлеуметтік желілер кейбір сұрақтарға, мәлімдемелерге әсер етуге қолайлы. Егер оларға жауап берілмесе, оны жүргізудің мағынасы жоғалады. Баспасөз хатшымыз екеуміз жұмысты қалай ұйымдастыру керегі бойынша ойланамызз. Бірақ Президент уақыт тауып отырған соң, біз де міндеттіміз деген сөз, - деген еді Смайылов. 

Бұл сұхбат үш жыл бұрын жарияланды. Бірақ Әлихан Смайылов әлеуметтік желіге сол күйі тіркелмеген. 

Әлихан Асханұлы уақыт тапшылығы туралы да айтқан болатын. 

Бос уақыт өте аз. Ол түскі немесе демалыс күндері болады. Біз кеңседе 12-13 сағат отырамыз. Қалған уақытта қозғалу керек. Әйтпесе, денсаулыққа зиян келуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін таңғы сағат 6.30-дан 7.00-ге дейін жүгіруге тырысамын. Өйткені 8.30-да,  кейде 8.00-де жұмыста болу керек. Мысалы,  кейде жиналыстар өтеді. Жалпы жұмысқа 8.00-8.30 аралығында келеміз. Ал жұмыстан 20.00-ден кейін кетеміз. Көп жағдайда 21.00-ден кейін. Түскі уақытта сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін фитнеске баруға тырысамын, егер жолды ескерсек, 40 минут жаттығу жасауға қалады. Тонус  төмендеп кетпес үшін спортпен шұғылданамын, - деген еді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ ол жексенбі күндерін отбасына арнайтынын жеткізді. Өзге бос уақытында әріптестерімен футбол ойнайтынын айтты. 

Әлихан Смайыловтың пікірінше, лауазым өскен сайын жауапкершілік те көбейе түседі. 

Меніңше, барлығы үшін жауап беретін Президент пен Үкімет басшысы ретінде Премьер-министрге қиын деп ойлаймын. Біздің жұмыс олардікімен салыстырғанда жеңіл. Премьер-министрдің бірнеше орынбасары бар. Олардың әрбіреуінде өз бағыты бар. Премьерге қарағанда бізге екі есе жеңіл, бірақ өзге министрлерге қарағанда қиындау, - деген Смайылов 2022 жылдың қаңтарында Премьер-министр лауазымына  тағайындалды. 

Әлихан Смайыловтың Премьер-министр ретіндегі жұмысы енді уақыттың еншісінде. 

Оның осыған дейінгі ие болған марапаттары: «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдары.

Өзгелердің жаңалығы