Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Үкімет отырысында 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.
Оны ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов таныстырды. Заң жобасы мынандай параметрлерден тұрады:Тұрақты экономикалық жағдайды қамтамасыз ету;
Бюджет кірістерін әкімшілендіру сапасын арттыру;
Фискалдық орталықтанудан шығару және өңірлердің дербестігін арттыру;
Бюджет шығыстарын оптимизациялау.
«Ұсынылған жоба орта мерзімді перспективада еліміздің алдына қойылған негізгі міндеттерді іске асыруға бағытталған. Жоспарлаудың негізі ретінде базалық макроэкономикалық сценарий қабылданған.Ол жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсуін, инфляцияның орташа жылдық дәлізін 2022 жылы 3-5%-ке дейін төмендетумен болжайды. Бюджет кірістерін әкімшілендіру сапасын арттыруды іске асырудың негізгі көрсеткіші ретінде мұнайға жатпайтын түсімдердің көлемі болып табылады. Ол биылғы жылдың жоспарына 1 трлн теңгеге өсіммен 2020 жылға 7 трлн 489 млрд теңге сомасында жоспарланған», - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, бюджет шығыстарын оптимизациялау бойынша президенттің тапсырмаларын орындау үшін бірқатар бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілген.
- имидждік шығыстарды оңтайландыру;
- мемлекеттік тапсырмалардың біразын мемлекеттік сатып алудың бәсекеге қабілетті тетіктеріне көшірумен және шығыстарды оңтайландырумен мемлекеттік тапсырмалардың санын қысқарту;
- тиімсіз шығындарды приоритетті бағыттарға бағдарлау;
- әкімшілер бюджеттік өтінімдерін берген кезде құнын асыруға жол берілген бюджеттің ағымдағы шығыстарын оңтайландыру.
Бұл жұмыстың нәтижелері бюджет жобасында ескерілген.
«Республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері мынадай көлемдерде қалыптасты. 2020 жылға арналған түсімдер биылғы жылдың жоспарына 639 млрд теңгеге өсіммен 11,2 трлн теңгені құрайды. Мұнайға жатпайтын түсімдердің үлесі биылғы жылы 61,4%-тен 2022 жылы 71,2%-ке дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бюджет тапшылығы 2020 жылы жалпы ішкі өнімге 1%-ке дейін кезең-кезеңмен төмендетумен жоспарланған. 2020 жылы шығыстар биылғы жылға қарағанда 809 млрд теңгеге өсіммен 12,7 трлн теңге көлемінде болады.
Бұл ретте шығыстардың өсу қарқыны жалпы ішкі өнімнің өсу көрсеткішінен аспайды», - дейді вице-премьер.
Үкіметте қабылданған заң жобасы алдағы уақытта Мәжілістің қарауына жіберіледі.