Үкіметте 2023 жылы шетелдік инвестицияларды тарту жоспарлары талқыланды

30 Қаңтар 2023, 09:00
1649
Бөлісу:
Үкіметте 2023 жылы шетелдік инвестицияларды тарту жоспарлары талқыланды
Фото: primeminister.kz

28 қаңтарда Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізді, онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өткен жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құрағанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық екенін баяндады. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.

Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8%), Денсаулық сақтау (103,5%), Оқу-ағарту (102,3%) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4%), Мәдениет және спорт (72,5%) министрліктеріне тиесілі.

Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі.

Қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндады.

Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.

Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет еді, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті.

Инвестициялардың 60%-дан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын, — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-министр Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті.

Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп отыр. Өңір басшылығы жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет, — деді Үкімет басшысы.

Жалпы Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.

Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді, — деді Үкімет басшысы.

Салалар бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов және ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабардар етті.

Әлихан Смайылов аталған бағыттарға инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейту, оның ішінде іске асырылмаған ірі жобалар бойынша іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне де қатысты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров тікелей шетелдік инвестицияларды тарту туралы айта отырып, олардың көлемі 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша $22,1 млрд-ты құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға артық екенін баяндады. Атап айтқанда, машина жасау, жаңартылатын энергетика, ТМК, металлургия, АӨК және т. б. салаларда шетелдіктердің қатысумен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.

Үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді.

Премьер-Министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

Сыртқы істер министрлігі Kazakh Invest ұлттық компаниясымен және өңірлермен бірлесіп, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Қазақстанның шет елдердегі мекемелерімен өзара іс-қимылды күшейту қажет, — деді Үкімет басшысы.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңір басшылары мен министрлер сын-ескертпелерді ескеріп, өткен жылғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы