Үкімет жедел іс-шаралар қабылдады

6 Қаңтар 2022, 14:16
2730
Бөлісу:
Үкімет жедел іс-шаралар қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жылдың 5 қаңтарда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай бойынша кеңесте берген тапсырмаларына сәйкес Үкімет бірқатар жедел шешімді қабылдады. 

Премьер-министр ресми сайтының мәліметінше, Қазақстан аумағында АЖС-да автокөліктерге арналған сұйытылған мұнай газының бөлшек саудасына 180 күнге шекті бағалар белгіленді:

  • Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – литріне 50 теңге ( 200 км асатын шалғай аудандар үшін – литріне 55 теңге);
  • Шымкент қ., Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында – литріне 60 теңге (200 км асатын шалғай аудандар үшін - литріне 65 теңге);
  • Алматы қаласы – литріне 65 теңге;
  • Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 70 теңге ( 200 км асатын шалғай аудандарда – литріне 75 теңге);

Сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдары арқылы сатуға толықтай ауысу бір жылға кейін шегерілді.

  1. Бензин мен дизель отынын сатуға уақытша 180 күнге бағаны мемлекеттік реттеу енгізілді.

Бензиннің қосымша құн салығын есепке ала отырып бөлшек саудасына келесідей шекті бағалар белгіленді:

  • АИ-80 маркалы – литріне 89 теңге;
  • АИ-92 маркалы – литріне 182 теңге;
  • АИ-93 маркалы – литріне 182 теңге;
  • АИ-95 маркалы – литріне 215 теңге.

Дизель отынының  (жазғы, маусымаралық) ҚҚС ескере отырып, бөлшек саудасына шекті бағалар өңірге байланысты белгіленді:

  • Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 260 теңге;
  • Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – литріне 230 теңге.
  1. Жаңаөзен қ. жаңадан газ өңдеу зауытының құрылысына дайындық жұмыстары жеделдетілді.
  2. Таяу уақытта реттелетін коммуналдық қызметтерге: сумен қамтамасыз ету, сарқынды суларды бұру, жылумен қамтамасыз ету, газбен қамтамасыз ету және электрмен қамтамасыз етуге тарифтердің көтерілуіне 180 күнге уақытша мараторий енгізілетін болады.
  3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде сиыр, қой еті, картоп және сәбізге бағаларды тұрақтандыру мақсатында ірі қара мен ұсақ малдарды 6 айға, картоп пен сәбізді 3 айға шетелге шығаруға тыйым салынды.
Өзгелердің жаңалығы