Үкімет ұлттық экономиканы екі есе ұлғайтуды жоспарлап отыр

29 Желтоқсан 2023, 01:26
493
Бөлісу:
Үкімет ұлттық экономиканы екі есе ұлғайтуды жоспарлап отыр
Фото: primeminister.kz

«24KZ» телеарнасына берген сұхбатында Әлихан Смайылов орта мерзімді перспективада экономиканың екі есе өсуіне қол жеткізу үшін Үкімет қандай шаралар қабылдайтынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу жөнінде нақты тапсырмалар бергенін еске салды.

Үкіметке 2029 жылға дейін ұлттық экономиканы екі есе ұлғайту бойынша үлкен міндет қойылып отыр. Осыған байланысты елдегі экономикалық белсенділікті ынталандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Инфляцияны одан әрі төмендетіп, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеміз, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін беру үшін қажетті жағдай жасалатын болады.

Сондай-ақ инвестициялық климатты одан әрі жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру жоспарланған.

Жыл сайын кемінде $25 млрд тікелей шетелдік инвестициялар тартуды көздеп отырмыз. Инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулын іске асыру жалғасады. Соның арқасында 160 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылатын болады.

«Осының бәрі бізге орта мерзімді перспективада экономиканың өсуін кем дегенде 6% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін $450 млрд дейін жеткізу туралы тапсырмасы орындалатын болады, — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы