Үкімет пен күштік құрылымдар қаңтар оқиғасы бойынша ел алдында ашық есеп беруі керек − Дүйсембинов

2 Қыркүйек 2022, 20:35
1192
Бөлісу:
Үкімет пен күштік құрылымдар қаңтар оқиғасы бойынша ел алдында ашық есеп беруі керек − Дүйсембинов

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов «Желмаяға» берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын толықтай тарқата түсіндіріп, әсіресе қаңтар оқиғасына қатысты рақымшылық туралы ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Білім күні Жолдауда көңілімнен шыққаны − қаңтар оқиғасының орнын мойындап, рақымшылық жасау. Мұны үлкен қадам деп білемін, өйткені қаңтарда қиналған талай азаматтың әке-шешесімен кездестім. Тас түскен жеріне ауыр дейді. Басына іс түспеген адам мұны біле қоймайды. Зарлап, балаңды жоғалтып алып, болмаса ойда ештеңе жоқта үй ішің қырылып қалған дегенді басына іс түспеген адам сезінбейді. Сол кісілердің көз жасын көрдім, араластым. Аңқау қазақтың аңғалақтап жүріп талай баласы темір торда отырғанын көрдім. Шамам келгенше көмектестім. Осы бір реттің рақымшылық шыққанына разы болып отырмын, − деді Парламент Мәжілісінің депутаты.

Берік Дүйсембинов бұл шешім қаңтар оқиғасының пайда болу тарихын түсініп, мойындағаны деп біледі. Көп жаңалық, реформаның бәрі осы оқиғадан кейін болып отыр дейді ол.

Бейбіт шеруге шыққандарды ертіп кеткендер расымен де бар болса, біздің күштік құрылымдардың нағыз міндеті − олар туралы ел алдында адал есеп беру. Қарапайым адам ретінде мен де Кәрім Мәсімовтің, болмаса Қайрат Сатыбалдының қалай тергеліп жатқанын білгім келеді. Әлде олар мүлдем отырған жоқ па? Отырса қандай жағдайда отыр? Отырғанын естідік, бірақ қанадй жағдайда тергеліп жатыр? Қандай құқық бұзушылық пен қылмыс мойындарына ілінді? Оны ешкім білмейді. Осының бәрі ашық болса екен дейміз. Қаңтар бойынша үкімет пен күштік құрылымдар ел алдында ашық есеп берсе дұрыс болар еді. Мемлекет не үшін керек? Мысалы, жазықсыз өліп кеткендер болса құнын төлеу керек. Бұл атам заманнан келе жатқан дүние. Біреудің асыраушысы, әкесі, інісі, жақыны өліп кетті. Олардың құнын төлеу қажет. «Мемлекет қорғай алмады, сіздер зардап шектіңіздер» деп ұялмай айту керек. Қандықол қылмыскер болса оны да көрсетіңдер, әйтпесе халықтың көңілінде сенім болмайды, − деді депутат «Желмаяға» берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамағандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға, сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға қолданылмайды.

Өзгелердің жаңалығы