Үкімет басшысы кедендік әкімшілендіруге қатысты бірқатар тапсырма берді

22 Ақпан 2022, 10:37
2051
Бөлісу:
Үкімет басшысы кедендік әкімшілендіруге қатысты бірқатар тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов  Үкімет отырысында айтты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке кедендік әкімшілендірудің ашықтығын қамтамасыз ету және бюджет кірістерін арттыру бойынша міндеттер қойды. Осы бағытта Үкімет бірқатар шұғыл және жүйелі шара қабылдауда. Қаржы министрлігінің ұсыныстарын қолдаймыз, - деді Смайылов. 

Премьер атағандай, Қытаймен арадағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы өткен  жылдың қорытындысы бойынша 5,7 млрд доллар болды.

Оған негізгі себептердің бірі – тауарлар құнын кемітіп көрсету әрі дұрыс декларацияламау. Демек, мәселе бизнестің тазалығына байланысты болып отыр. Соңғы 4 жылда  алшақтық 20%-ке қысқарды. Бұл – жақсы динамика. Бүгінде Қаржы министрлігі 5 мыңнан астам тауар позициясының құндық индикаторларын қайта қарады. Бұл жұмысты жалғастыру қажет, - деді ол. 

Ол атағандай,  Қаржы министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, тасымалданатын тауарлар бойынша Қытай тарапымен ақпарат алмасу мәселелерін пысықтауы қажет.

Мемлекет басшысы уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды қатаңдату жөніндегі шараларды қарастыруды тапсырды. Осыған байланысты Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне экономикалық операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды  заң жүзінде күшейту мәселесін қарауды тапсырамын. Пандемияға байланысты шектеулер салдарынан Қазақстан-Қытай шекарасында көліктер тұрып қалғаны белгілі. Уақытша жабық тұрған өткізу пункттерінің жұмысын қалпына келтіру мақсатында   Қытай тарапымен 15-ші ақпаннан бастап «Нұр Жолы», «Бақты» және «Достық» өткізу пункттерінен бөлек «Майқапшағай» өткізу пунктінің жұмысын қалпына келтіру туралы келісімге қол жеткізілді, - деді ол. 

Смайылов кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. 

Қабылданып жатқан шаралар процесті оңтайландыруға, кедендік рәсімдер кезінде бизнесті жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардың толық төленуін қамтамасыз етуі тиіс.Осыған байланысты Қаржы министрлігі «Астана-1» және «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйелерінің сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет. Бүгінде әкімшілік айыппұлдардың мөлшері жауапсыз кәсіпкерлер келтіріп отырған шығындардың көлеміне сай емес, - деді ол. 

Осыған байланысты ол Әділет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске кеден саласындағы заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға  бағытталған түзетулер әзірлеуі қажет екенін айтты. 

Өзгелердің жаңалығы