Үкімет басшысы инвестициялық штаб отырысын өткізді

10 Қыркүйек 2022, 13:17
2550
Бөлісу:
Үкімет басшысы инвестициялық штаб отырысын өткізді

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Рrimeminister.kz таратқан мәліметке сәйкес, жиында негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер қаралған.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,9 трлн теңгені құрағанын алға тартты. Айтуынша, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалады. 

Премьер-Министр биыл негізгі капиталға құйылған инвестициялар бойынша 4,5% деңгейінде оң динамика байқалып отырғанын, бұл ретте 12 өңірдің белгіленген нысаналы индикаторларды орындамағанын атап өтті. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласы, Түркістан және Ұлытау облыстарында байқалады. 

Үкімет басшысы инвестициялық штаб отырысын өткізді

Ірі компаниялар өндіріске инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын. Олармен жұмыс істеп, инвестициялық келісімшарттар жасау, жаңа жобалар бойынша – салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беру қажет. Облыстар мен мемлекеттік органдардың басшылығы инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс, - деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров 2022 жылдың І тоқсанында елімізге $6,8 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын баяндады. 

Осы кезеңдегі алғашқы инвесторлар ондығына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлыбритания, Франция және Түркия елдері кірді. 

Үкімет басшысы инвестициялық штаб отырысын өткізді

Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы химия өнеркәсібі, ТМК, энергетика, көлік және логистика, тамақ өнеркәсібі, туризм, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және т. б. салаларда 30,2 трлн теңгеге 797 жобаны қамтиды. 

Пул жобаларын толық іске асыру шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2022 жылы 24 мың жұмыс орнын құра отырып, 2,98 трлн теңгеге 272 жобаны іске қосу жоспарланған. 

Өзгелердің жаңалығы